Қытайдың Чжэцзян провинциясына қарасты Ханчжоу қаласына сапарым кезінде, әртүрлі елден келген журналистермен бірге, адамдар емес, роботтар білім алатын ерекше мектепке барудың сәті түсті. Жасыратыны жоқ, көргендерім маған үлкен әсер қалдырды. Бұрын біз мұндай технологияларды ғылыми-фантастикалық фильмдерден ғана көретін болсақ, бүгінде осының бәрі шынайы өмірге айналып үлгерген.
Роботтар оқитын мектеп
Ханчжоуда Қытайдағы роботтарға арналған алғашқы мамандандырылған мектеп ашылды. Бұл жерде оларды әртүрлі мамандықтарға үйретеді, дағдыларын дамытады және нақты жұмысқа дайындайды.
Экскурсия барысында бізге оқу процесінің қалай өтетінін көрсетті. Роботтардың тапсырмаларды қалай орындайтынын, адамдармен қалай өзара әрекеттесетінін және жаңа міндеттерді қалай игеретінін өз көзімізбен көрдік.
Мектепте жұмыс істеп жатқан түлектерінің де бар екені мені таңғалдырды. Олардың кейбіреулері тіпті іссапарларға барып, гид ретінде экскурсиялар жүргізеді, музыкалық топтарда өнер көрсетеді және түрлі іс-шараларға қатысады.
Елестетіп көріңізші: робот білім алады, мамандықты меңгереді, содан кейін жұмысқа тұрады! Таяуда ғана мұндайды көз алдымызға елестетудің өзі қиын еді.
Биші, музыкант, боксшы және шахматшы роботтар

Экскурсияның ең әсерлі бөлігі — әртүрлі таланттарға ие роботтармен танысу болды.
Бізге биыл қытайлық Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шараларға қатысқан биші роботтарды көрсетті. Олардың қимыл-қозғалысы, үйлесімділігі мен координациясы шынымен таңдай қақтырады.
Сонымен қатар, боксшы және шахматшы роботтарды да бақылай алдық. Роботтардың спорттық дағдыларды көрсетіп, күрделі тапсырмаларды қалай орындайтынын көру қызықты болды.
Ит пен мысық кейпіндегі роботтар да ерекше назар аудартты. Олар тапсырмаларды орындап, қозғалып, айналасындағыларға жауап беріп отырды. Оларды бақылау өте қызықты еді, өйткені кейбір қимылдары шынайы үй жануарларының мінез-құлқын қатты еске түсіреді.
Ал музыкант роботтар жасанды интеллекттің тек өнеркәсіпте емес, өнерде де қолданыс таба алатынын дәлелдеді.

Робот денсаулығымды тексерді
Мен үшін ең ерекше сәттердің бірі — жасанды интеллект пен дәстүрлі қытай медицинасының әдістерін қолданатын роботтың көмегімен денсаулық диагностикасынан жеке өту мүмкіндігі болды.
Мен бұл технологияны өзімде байқап көруді шештім. Робот ағзамның жағдайын бағалап, нәтижелерін шығарып берді.
Заманауи цифрлық технологиялардың денсаулықты бағалаудың дәстүрлі шығыс әдістерімен қалай тоғысып жатқанын көру өте қызықты болды.
Әрине, мұндай диагностика толыққанды медициналық тексеруді алмастыра алмайды, бірақ жасанды интеллекттің осындай бағыттарда қолданылып жатқан фактісінің өзі мені таңғалдырды.
Бәлкім, болашақта мұндай технологиялар дәрігерлердің таптырмас көмекшісіне айналып, адамдарға өз денсаулығы туралы алдын ала ақпаратты тезірек алуға мүмкіндік беретін болар.

Ханчжоуда роботтарды жұмысқа қалай дайындайды
Ханчжоуда, сондай-ақ, Биньцзян жоғары технологиялар ауданында орналасқан Жасанды интеллектті пилоттық қолданудың ұлттық базасы дамып келеді.
Бұл — роботтарды сынақтан өткізіп, шынайы жағдайда жұмыс істеуге дайындайтын арнайы алаң.
Бұл жерде олар тауарларды сұрыптауды, заттарды тасуды, бөлшектерді жинауды және түрлі өндірістік тапсырмаларды орындауды үйренеді. Базада 130-дан астам робот сынақтан өтуде.
Маған мұндай жобалар Қытайдың жасанды интеллектті дамытуға қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсеткендей болды. Бұл жерде тек жаңа машиналарды жасаумен шектелмей, оларды қоғамға нақты пайда әкелуге үйретуге тырысады.

Медегі пікір: болашақ шынымен де роботтардікі
Осы сапардан кейін мен Қытайдың қаншалықты қарқынды дамып жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.
Маған ең қатты әсер еткені — роботтардың енді мұражайлар мен көрмелерде өз мүмкіндіктерін жай ғана көрсетіп қоймайтыны болды. Олар оқиды, дағдыланады, гид болып жұмыс істейді, сахнада өнер көрсетеді және тіпті іссапарларға аттанады.
Осының бәрін бақылай отырып, еріксіз ойланасың: 10–20 жылдан кейін біздің әлем қандай болмақ?
Мүмкін, роботтар бізді әуежайларда қарсы алып, қонақүйлер мен ресторандарда қызмет көрсетіп, қарт адамдарға көмектесіп, ауруханаларда жұмыс істеп және кәсіпорындарда ауыр жұмыстарды орындайтын болар.
Бір жағынан, бұл сүйсіндіреді. Екінші жағынан — біраз ойға қалдырады. Егер роботтар осылайша көптеген түрлі мамандықтарды орындай алатын болса, онда адамға не қалады?

Жеке өзім машиналар адамды толықтай алмастыра алмайды деп есептеймін. Өйткені ешқандай жасанды интеллект адамның сезімдерін, жан жылуын, шынайылығы мен бауырмалдығын толық көлемде алмастыра алмайды.
Бұған қарамастан, роботтар біздің таптырмас көмекшілерімізге айналып, күнделікті өмірімізді айтарлықтай жеңілдете алатынына сенімдімін.
Меніңше, Қазақстанға да Қытайдан үйренер нәрсе бар. Робототехника мен жасанды интеллектті дамыту біздің өнеркәсібіміз, медицинамыз, біліміміз бен басқа да салаларымыз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.
Ханчжоудағы роботтар мектебінен кетерде мынадай ойға келдім: бұрын біз тек түсімізде көретін немесе армандайтын болашақ, міне, қазір де орнап қойды. Және оны өз көзіммен көру бақыты маған бұйырды.
Мақала авторы Роза Айдырова
