Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Отандық пара спортшылар жарыстың алғашқы үш күнінде 10 алтын медаль жеңіп алып, Азия Пара ойындарындағы бұрынғы үздік көрсеткішін жаңартты, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша ұлттық құраманың қоржынында жалпы 32 медаль бар:
-
10 алтын
-
10 күміс
-
12 қола
Бұған дейін Қазақстан құрамасының ең жоғары нәтижесі 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында тіркелген еді. Ол кезде отандық спортшылар жалпы 41 жүлде, соның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленіп, ел тарихындағы үздік көрсеткішке қол жеткізген болатын. Осылайша, биыл ұлттық құрама алтын медаль саны бойынша бұрынғы рекордты жаңартып, ел спортының тарихында жаңа белеске көтерілді.

Рекорд орнатқан чемпиондар: Басты жетістіктер
Ел қоржынына алтын медаль салған спортшыларымыздың ішінде бірнешеуі құрлықтық рекордтарды жаңартып, халықаралық аренада сенсация жасады.
Пара оқ атудан 10 метр қашықтыққа пневматикалық винтовкамен нысана көздеу R1 дисциплинасы сайысында Еркін Ғаббасов 249,1 ұпай жинап, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Спортшы Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына тікелей жолдаманы жеңіп алды.

Пара пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев 192 келіні бағындырып, жарыс чемпионы атанды. Бұл көрсеткіш Азия Пара ойындарының жаңа рекорды ретінде тіркелді.

Пара жүзуден ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалап жүзу сайысының финалында Диас Кенжебек 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша ол Азияның бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартты. Сонымен қатар, Диас 200 метрге кешенді жүзу сайысында күміс медаль еншілеген болатын.

Алғашқы 10 алтын медаль иегерлерінің толық тізімі
Ел қоржынына алғашқы 10 алтын жүлдені төмендегі спортшыларымыз салды:
-
Пара нысана көздеу: Еркін Ғаббасов
-
Пара пауэрлифтинг: Давид Дегтярев
-
Пара дзюдо:
-
Ибрагим Нұрмаханұлы (J2, -70 кг салмақта финалда өзбекстандық спортшыны жеңді)
-
Бексұлтан Құлмырза
-
Ақтолқын Сейілбекова
-
Зарина Раифова
-
Шукурбеков Журқамырза
-
-
Пара жүзу: Диас Кенжебек
-
Пара велоспорт: Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус
-

Фото: ҚР Туризм және спорт министірлігі
Мемлекеттік қолдау мен спортшылар еңбегі
Бұл жетістік елімізде пара спорттың қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларымыздың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын айқын көрсетеді. Мұндай тарихи нәтиже спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің, сондай-ақ пара спортты дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік қолдаудың жемісі болып табылады.
Бүгінгі жарыс күні әлі аяқталмағанын және алда бірнеше жарыс күні бар екенін ескерсек, спортшылардың жүлде қоржынын одан әрі толықтыруға мүмкіндігі мол.
Айта кетейік, биылғы Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын 150 спортшы қорғап жатыр. Дүбірлі бақ сынасу 24 қазанға дейін жалғасады.
