Алматы мектептерінде өскелең ұрпақтың бойында табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ауқымды экологиялық бастама жүзеге асырылды. Шараға оқушылармен бірге мұғалімдер мен ата-аналар белсене қатысты. Аталған бастаманы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ECO Network» экологиялық қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылжымалы «Эко-Трак» және сұрыптау мәдениеті

Бастаманың негізгі мақсаты — жастар арасында қалдықтарды бөлек жинау әдетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру. Акция кезінде мектеп аумағында қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын «Эко-Трак» арнайы жылжымалы пункті жұмыс істеді.
Қатысушылар үйден әкелген сұрыпталған қалдықтарын тапсырып, нәтижелерін тіркеп отырды. Тіркелу және экологиялық көрсеткіштерді бақылау Econetwork.me арнайы мобильді қосымшасындағы QR-код арқылы жүзеге асырылды. Бұл жүйе әрбір мектептің жинаған қалдық көлемін және қоршаған ортаға қосқан үлесін ашық түрде қадағалауға мүмкіндік береді.

Шығармашылық шеберлік сабағы мен көгалдандыру
Бағдарлама аясында оқушылар үшін пайдаланылған пластиктен тұрмыстық бұйымдар (салпыншақтар) жасау бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Мамандар балаларға қайталама шикізатты қайта пайдаланудың тиімді тәсілдерін іс жүзінде көрсетті. Бұл қадам оқушыларға экологиялық өмір салты қарапайым күнделікті әрекеттерден басталатынын ұғындыруға бағытталған.

Іс-шараның қорытынды бөлігі №209 мектеп-гимназиясының аумағын көркейтуге арналды. «Өз бағыңды өсір» байқауының жеңімпаздары — оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымы бірлесе отырып, мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.
«Eco Almaty» ЖШС өкілдерінің айтуынша, мұндай кешенді шаралар теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастырып, қаланың жасыл қорын көбейтуге сүбелі үлес қосады.

