Алматы қаласында әуесқойлар мен кәсіпқой спортшылардың басын басын қосқан D’Giro Almaty 2026 ауқымды веложарысы өз мәресіне жетті. 17-18 қазанда ұйымдастырылған бұл екі күндік спорттық шара бұқаралық велоспортты дамытуға, тұрғындар арасында белсенді өмір салтын қалыптастыруға және спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, жарысқа қатысушылар екі күн ішінде екі түрлі күрделі кезеңнен тұратын жалпы 60 шақырымдық арақашықтықты толықтай бағындырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Жарыстың бірінші күні спортшылар қала ішіндегі 50 шақырымдық бағытты артқа тастады. Бұл кезеңде қатысушылар ұзындығы 10 шақырым болатын бес айналымнан өтіп, жоғары жылдамдық пен тактикалық дайындықтарын сынап көрді. Ал екінші күні жарыс бағыты күрт өзгеріп, спортшылар Royal Tulip қонақ үйінен «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейінгі 10 шақырымдық таулы аймаққа көтерілді. Бұл кезең қатысушылардан жоғары төзімділік пен ерекше физикалық дайындықты талап еткен басты сындардың біріне айналды.

Ауқымды спорттық додаға 18 жастан асқан, сондай-ақ Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) техникалық талаптарына толық сәйкес келетін шосселік велосипед тізгіндеген спортшылар ғана жіберілді. Жарыстың басты ерекшелігі – қала ішіндегі шапшаңдық пен тауға өрлеу кезіндегі төзімділікті қатар талап ететін ерекше форматында болды. Сондықтан D’Giro Almaty тек спорттық жарыс қана емес, бұқаралық спортты жандандыруға және Алматының өңірдегі спорттық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін аша түсуге зор мүмкіндік берді.
Келесі материал: «Алтын-Емел – құландар мекені»: Ұлттық парктегі фестиваль несімен есте қалды?
