Қазан айының 17 — сі күні Жетісудағы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Алтын-Емел – құландар мекені» атты экологиялық-мәдени фестиваль өтті. Жыл сайын маңызы артып келе жатқан бұл шараның басты мақсаты — ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасын таныту, экологиялық туризмді дамыту және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Шараның ашылуында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы өңірдің табиғи мүмкіндігі мен облыста өтіп жатқан туристік фестивальдар туралы айтты:

«Біздің Жетісу облысы — табиғаты ерекше, жер жаннаты деп бекер айтылмаған. Мұнда орман да, су да, дала да, құм да — бәрі бар. Тек қана соны дұрыс деңгейде дамытып, осы Жетісу жерін туристер көп келетін аймаққа айналдыру — біздің негізгі мақсатымыз. Республика бойынша Туризм министрлігі 55 шараны бекітсе, біздің облыста жыл бойына 24 фестиваль өткізу қарастырылған болатын. Соның ішіндегі үш республикалық ауқымды шараның бірі — осы Кербұлақ ауданындағы „Құландар мекені“ фестивалі», — деді ол.
Эко-марафон, еңбек марапаты және ұлттық жәрмеңке

Фестиваль бағдарламасы таңғы сағат 09:30-да Шолақ тауларының бөктерінде ұйымдастырылған 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталды. Қатысушылар тау ландшафты мен табиғи кедергілер аясында бақ сынасып, белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті шебер ұштастырды.
Сондай-ақ шара аясында Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай саланы дамытуға үлес қосқан мамандар марапатталды. Қорғау режимін қамтамасыз етіп жүрген бірқатар инспекторлар мен сала қызметкерлеріне Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті атынан І және ІІ дәрежелі төсбелгілер мен Құрмет грамоталары табысталды. Марапаттарды Комитеттің басқарма басшысы Азамат Ақаев салтанатты түрде тапсырды. Атап айтқанда, Нұрлан Есембаев, Сәбит Молдабеков және Гүлназ Есімбекова сияқты мамандардың биоалуан түрлілікті сақтауға қосқан еңбегі атап өтілді.



Фестиваль алаңында жергілікті қолөнершілердің арнайы жәрмеңкесі өтіп, қонақтар ұлттық бұйымдармен, ағаш пен теріден жасалған қолөнер туындыларымен танысты. Сонымен қатар, келген меймандарға арналып зейінді, моториканы және тепе-теңдікті дамытатын арнайы ағаш ойындары ұйымдастырылды.



Осы дамытушы ойындарды ұсынған «Байге» компаниясының директоры Алексей Удаков өз ойымен бөлісті:

«Өзіміз Алматыда ағаштан ойын-сауық, балабақшалар мен мектептерге арналған дамытушы ойындар дайындаймыз. Бұл ойындар қарапайым әрі ережесі түсінікті: олар зейінділікке, тепе-теңдікке, қозғалыс координациясы мен реакцияға бағытталған. Сонысымен де ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты. Фестивальге келген қонақтардың отбасымен, балаларымен бірге белсенді уақыт өткізіп жатқанына өте қуаныштымыз», — деді ол.


Құландар саны 3,5 мыңға жетті
Фестивальдің басты символы әрі мақтанышы — қазақ даласының сұлу жануары құландар. Парк басшылығының айтуынша, бұл бағытта атқарылып жатқан күзет және көбейту жұмыстарының нәтижесі өте жоғары.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Қуат Байтурбаев жануарларды қорғау мен есепке алудың егжей-тегжейлі мәліметтерін бөлісті:

«1980–1988 жылдары мұнда небәрі 38 бас құлан әкелінген болатын. Арада өткен 40 жылдың ішінде атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында бүгінде парктегі құландар саны 3 500 басқа дейін көбейіп, пикке жетті. Бұдан бөлек, бізде 5 600 бас қарагерік (қаракүйік), 200 бас арқар және ілбіс, аю, қасқыр секілді жыртқыштар бар. Парк аумағында 27 кордон орналасқан, онда 80 инспектор тәулік бойы күзет жұмыстарын жүргізіп, жануарлардың амандығын бақылап отыр», — деді ол.
Парк басшысы жануарларды көбейтумен қатар, оларды елдің басқа аймақтарына тарату және инфрақұрылымды дамыту жобаларына да тоқталды:
«Қазіргі уақытта құландарды басқа өңірлерге орнықтыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр: Іле-Балқаш резерватына 30 бас, Қостанай облысына 90 бас, Созақ өңіріне 30 бас жібердік. Бұдан бөлек, жануарларға GPS-қарғыбаулар тағып, қозғалысын тікелей бақылауда ұстап отырмыз. Ендігі үлкен жобамыз — Қаратау, Ақтау жағынан су скважиналарын бұрғылап, су көздерін тартып, жануарларды ары қарай көбейтуге жағдай жасау», — деп толықтырды Қуат Байтурбаев.
Парк директоры бұрын бұл фестивальді 2 жыл бойы өз күштерімен өткізгенін, ал биылдан бастап шараның республикалық әрі облыстық деңгейге көтеріліп, ауқымды сипат алғанын атап өтті.

Петроглифтер сыры: Шолақ тауындағы археологиялық экскурсия

Фестивальдің ең мазмұнды бөлігінің бірі — Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге ұйымдастырылған сапар болды. 200-ден астам адам қатысқан бұл танымдық экскурсияда «Петроглифтерді іздеушілер» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова туристерге жартас суреттерінің тарихын тереңнен түсіндірді:

«Мұндағы петроглифтер мен қорғандардың орналасуы тегін емес. Ерте темір дәуірі мен орта ғасырларда бұл аумақтар сакралды маңызға ие болып, елді мекендердің маңында апаттар мен жамандықтан сақтайтын қорғаныш қызметін атқарған. Жартастардағы бұғы бейнелері күн символы мен жоғарғы әлемді білдірсе, аңшылық көріністері терең мифологиялық мағынаға ие. Қазіргі археологиялық зерттеулер мұнда жергілікті ерекше мәдениет болғанын айғақтайды», — деді Ольга Гумирова.




Мәдени іс-шараға қатысушылар арасында тарихи реконструкциямен айналысатын жастар да бой көрсетті. Солардың бірі — сақ көсемінің әскери киімін киіп келген «Петроглифтерді іздеушілер» ұйымының өкілі Қайсар есімді студент:

«Мен Прагада оқимын, бірақ еліміздің, Ұлы даланың көне тарихына 5-сыныптан бастап әуестендім. Кемаль Ақышев, Әлішер Ақышев секілді ғалымдардың еңбектерін оқып өстім. Өзінің киім үлгісін жасау үшін Жетісудағы және Алтайдағы (Берел) сақ көсемдерінің тарихи жәдігерлерін негізге алып, киімді арнайы тапсырыспен тіктірдім. Маған ерте темір дәуірі мен орта ғасырлар тарихы өте қызық. Осындай фестивальдар тарихты көзбен көріп, сезінуге зор мүмкіндік береді», — деді ол.
Сахналық қойылымдар мен дала әуені

Тарихқа ерекше қызығушылық білдірген қонақтар археологиялық сапардан оралған соң, фестивальдің басты сахнасында мәдени бағдарлама жалғасты. Бағдарлама көшпелілердің батырлық рухын паш еткен әскери өнер мен дәстүрлі саздың үйлесіміне құрылды. Мұнда көрермендер сақ, ғұн, түркі дәуіріндегі майдан даласының айбынын көрсететін «Қылыш айналдыру» өнерін, жауынгерлік шеберлік пен дәлдікті байқататын «Айбалта шоуын» тамашалады.

Мерекелік көңіл-күйді әуенмен әрлеген музыкалық бөлімде халықаралық сахналарда ұлттық фольклорды заманауи ырғақпен ұштастырып жүрген Arkaiym этно-фольклорлық тобы, виртуоз қобызшы Ләйла Тәжібаева және шаңқобыз шеберлері өнер көрсетті. Байырғы аспаптардың үні мен тау бөктеріндегі табиғи акустика қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Келесі материал: Қазақстандық SAF Qymyz жобасы Pentawards 2026 премиясын жеңіп алды
Посмотреть эту публикацию в Instagram
