Қазақстанның ерлер құрамасы командалық шпагамен семсерлесуден Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде алғаш рет көш бастады. Ұлттық құрама 354 ұпай жинап, Франция мен Швейцария командаларын басып озды. Бұл туралы SteppeNews.kz olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жаңартылған рейтингте Франция 310 ұпаймен екінші орынға жайғасса, Швейцария 296 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді. Үздік бестікте Италия (286 ұпай) мен Украина (280 ұпай) да бар.
Қазақстандық семсерлесушілер бұл нәтижеге ірі халықаралық жарыстардағы жеңістерінің арқасында қол жеткізді. 2025 жылғы қарашада ұлттық құрама Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. 2026 жылғы маусымда Үндістанның Нью-Дели қаласында Азия чемпионы атанып, шілдеде Гонконгта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен Азия ойындарында жеңіске жетті.
Жаңа маусым басталғанға дейін Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған еді. Швейцария мен Франция командалары алда болған. Алайда Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс қазақстандықтарға рейтингтің жоғарғы сатысына көтерілуге мүмкіндік берді.
Касабланкадағы жарыста Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады. Шешуші кездесуде ұлттық құрама Ресей командасын 45:40 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
Осылайша Қазақстан құрамасы 2026/27 жылғы маусымды әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде бастады.
Келесі материал: Ыстанбұлдағы Сүлеймание мешітін қалпына келтіру кезінде тарихи құпиялар ашылды
