АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алматылық балуан Мерей Базарбаев топ жарып, алтын медаль еншіледі. Бұл туралы мегаполистің Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
12–18 қазан аралығында өткен дүбірлі бәсекеде Мерей Қазақстан құрамасы сапында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Шешуші финалдық кездесуде ол түркиялық балуан Бекир Кесердің жауырынын жерге тигізіп, анық басымдықпен таза жеңіске жетті.

Отандық спортшы бұл турнирдегі барлық белдесулерін сенімді түрде өткізді. Ол 1/8 финалда АҚШ өкілі Люк Лилледальді 3:1 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда Франция спортшысы Расул Галбураевты 13:2 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Ал жартылай финалдық бәсекеде жапониялық Дайто Кацумэге еш мүмкіндік қалдырмай, 7:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алған болатын.
Осылайша, жарыс жолында қарсылас шыдатпаған Мерей Базарбаев еркін күрестен U23 әлем чемпионы атанып, ел қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.
Келесі материал: Миллионға жуық оқырманы бар британдық тревел-блогер Алматыға келді
