Instagram желісінде миллионға жуық оқырманы бар британдық тревел-фотограф әрі блогер Джордж Купер Алматының басты туристік орындарын аралады. Мегаполисті шетелдік аудиторияға таныстыруға бағытталған бұл сапар Almaty Tourism Bureau ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Британдық саяхатшының бағдарламасына «Медеу» биіктаулы спорт кешені, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, «Көктөбе» саябағы және тарихи Вознесенск кафедралды шіркеуі енді. Сапар барысында ол қаланың табиғи сұлулығын, сәулет өнерін және дамыған туристік инфрақұрылымын жоғары бағалады.
Джордж Купер — табиғат көріністерін түсіруге, сирек кездесетін туристік бағыттар мен саяхат контентін жасауға маманданған танымал медиа-тұлға. Оның материалдары халықаралық аудитория арасында үлкен сұранысқа ие.

Блогер сапар қорытындысы бойынша әлеуметтік желідегі парақшаларында Алматының таулы демалыс орындары мен тарихи мекендері туралы арнайы фото-видео материалдар сериясын жариялауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы Алматыға келетін шетелдік туристердің саны 800 мың адамнан асады деп күтілуде.

