Өзбекстаннан шетелге қонаққа ұшатын немесе өз еліне қайтып бара жатқан әрбір азаматтың жүгінен сыйлыққа арналған қауын, бір жәшік қызанақ немесе ағайын-туысқа арналған өрік қағын жиі кездестіруге болады. Елден ұшып шығу кезінде әдетте ешқандай мәселе туындамайды, себебі заңнама жеткілікті мөлшерде өнім алып шығуға рұқсат береді. Негізгі қиындықтар ұшып барған елде, яғни авиакомпания емес, өзге мемлекеттің кеден және фитосанитариялық қызметі қарсы алған кезде басталады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Aviasales Uzbekistan сарапшылары мен Yo’lovchi тревел-медиасы Ташкенттен қанша килограм өнім шығаруға болатынын, қол жүгі мен багажға не салуға рұқсат етілетінін және қай елде жалғыз алма үшін де айыппұл арқалауға болатынын анықтап көрді.
Өзбекстаннан қанша жеміс-жидек шығаруға болады?
Өзбекстаннан жеке тұлғалар 40 килограммға дейін жаңа піскен және кептірілген жемістерді, көкөністерді, жүзімді, қауын мен қарбызды алып шыға алады. Бұл норма Министрлер Кабинетінің 2025 жылғы 19 сәуірдегі № 244 қаулысында бекітілген. Сыйлық ретінде апару үшін бұл лимит жеткілікті.
Салыстыру үшін айтсақ, осы құжатпен басқа да азық-түлік өнімдерін шығару көлемі шектелген:
-
Күріш — 3 кг-нан аспауы тиіс;
-
Нан-тоқаш өнімдері — 5 кг-нан аспауы тиіс;
-
Ет және ет өнімдері — 2 кг-нан аспауы тиіс;
-
Шекер — 2 кг-нан аспауы тиіс;
-
Өсімдік майы — 2 литрден аспауы тиіс.
Тағы бір маңызды жайт: кедендік декларация толтырмай-ақ, құны 5 мың долларға дейінгі тауарларды елден алып шығуға болады. Экспорттық баж салығы белгіленген заттар бұл ережеге кірмейді.
Жемістерді қол жүгіне салуға бола ма?
Ұшақ салонына жаңа піскен жемістерді алып өтуге арнайы тыйым салынбаған. Мұндағы басты шектеу — қол жүгінің салмағы мен габариттері. Әуе компанияларының көбінде бұл норма 8–10 кг құрайды, бірақ нақты мөлшер таңдалған тарифке байланысты.
Дегенмен, жолаушылар жиі ұмытып кететін үш маңызды сәт бар:
-
Өткір иіс. Салонға дуриан алып кірмеген жөн. Оның иісі бірнеше сағат бойы сақталады. Көптеген тасымалдаушылар бұл жемісті салонға да, багажға да алуға тыйым салады.
-
Пюре, джем және тосап — сұйықтыққа жатады. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі үшін тосап құйылған банканың шампуньнан айырмашылығы жоқ. Қол жүгіне оларды тек көлемі 100 мл-ден аспайтын ыдыста және мөлдір пластик пакетте ғана өткізеді. Литрлік банкаларды багажға тапсыру қажет.
-
Тураған жемістер мен кептірілген өнімдер. Контейнерге салынған тураған жемістер мен өрік қағын, мейізді салонға алып өтуге болады. Бірақ ұшып барған елдің кедені кептірілген жемістерді де жаңа піскен өнімдер сияқты қатаң тексереді.
Жеміс-жидекті багажда қалай тасымалдаған дұрыс?
Егер сыйлыққа апаратын өнім көп болса, оны багажға тапсырған жөн. Багаждың салмақ шектеуі жоғары, ал 40 кг жемісті қол жүгіне бәрібір өткізбейді. Ең бастысы — өнімдер тапталмай, аман жетуі үшін дұрыс орау қажет.
-
Қол жүгі үшін: Әдеттегі пакеттің орнына қатты пластик контейнер қолданған дұрыс. Інжір, шабдалы немесе құрма сияқты жұмсақ жемістерді қағаз майлықтарға орап қойған жөн.
-
Багаж үшін: Чемодан лентадан, тиегіштен және багаж бөлімінен өтеді. Тасымалдау үшін сәл пісіп жетілмеген, қаттырақ шабдалы мен өрік қолайлы. Әр жемісті қағазға, көпіршікті үлдірге немесе пенопласт торға бөлек орап, қатты пластик контейнерге немесе қалың картон қорапқа салған абзал. Жүзімді көбіне кесілген бес литрлік пластик бөтелкеде тасиды. Ыдысты чемоданның ортасына орналастырып, жан-жағын жұмсақ киімдермен қымтау керек.
-
Кептірілген жемістер: Олар жеңіл, орын аз алады және жолда бүлінбейді. Ал маркаланған зауыттық қаптама тексеріс кезінде уақытты үнемдейді.
Ұшып баратын елдерде қандай шектеулер бар?
Өнімді елге кіргізу ережелері әрдайым алып шығу ережелерінен қатаң болып келеді. Ташкенттен 40 кг жеміс шығаруға рұқсат берілгенімен, бұл басқа елдің шекарашысы үшін ештеңені білдірмейді:
-
Ресей. Жеміс пен көкөніс кіргізуге болады, бірақ фитосанитариялық сертификатсыз бір адамға 5 кг-ға дейін ғана рұқсат етіледі. Бұл шектеу 2019 жылдан бері қолданылады және жаңа піскен де, кептірілген өнімдерге де қатысты.
-
Еуропа Одағы елдері. 2019 жылғы 14 желтоқсаннан бастап (ЕС) 2016/2031 регламенті қолданылады. ЕО құрамына кірмейтін елдерден әкелінетін барлық өсімдіктер мен өсімдік өнімдерінде фитосанитариялық сертификат болуы шарт. Тек бес өнімге ғана ерекшелік жасалған: банан, кокос, финики, ананас және дуриан. Бұл ереже салмағына қарамастан жолаушылар багажына толық қолданылады.
-
АҚШ. Өсімдік және жануарлардан алынған барлық өнімдерді, тіпті ұшақта берілген алманы да декларациялау қажет. Декларацияланбаған өнімдер тәркіленіп, жойылады, ал тәртіп бұзушыға айыппұл салынады: бірінші рет — 300 доллар, екінші рет — 500 доллар. Коммерциялық емес партиялар үшін айыппұл 1000 долларға дейін жетуі мүмкін.
-
Оңтүстік Корея. Жемістер, көкөністер, тұқымдар, жаңғақтар, кептірілген өсімдік өнімдері мен гүлдер міндетті түрде карантиндік тексерістен өтуі тиіс. Оларды инспекторға көрсету шарт.
-
Басқа бағыттар. Түркия, БАӘ, Египет және Парсы шығанағы елдеріндегі ережелер Еуропаға қарағанда жұмсағырақ, бірақ олар да жиі өзгеріп тұрады. Бірыңғай норма жоқ, соныдықтан сапарға шықпас бұрын шектеулерді ұшып баратын елдің кеден немесе карантин қызметінің сайтынан тексеріп алған жөн.
