Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында қазақтың төл өнерін жаһанға паш еткен «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі мен құсбегіліктен тұңғыш рет ұйымдастырылған Ашық Азия кубогі өтіп, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
«Бүркіттөбе» этнокешенінде өткен дүбірлі дода ұлттық аңшылық дәстүрін дәріптеп, мұрамызды халықаралық деңгейде танытуды мақсат етті. Биылғы тартысты бәсекеге Қазақстаннан бөлек Түркия, Ресей, Қытай, Мажарстан, Испания, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты 10 елдің өкілдері қатысты.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған Азия кубогі саятшылық өнерінің бай мұрасын насихаттап қана қоймай, әлем елдерінің тәжірибе алмасуына және мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен мүмкіндік туғызды.
Ұлттық колорит пен жан-жақты бағдарлама

Этноауылда тігілген 50 ақшаңқан киіз үй қонақтарға қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті мен қолөнерін кеңінен таныстырды. Фестиваль аясында қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жамбы ату, теңге ілу, арқан тартыс, таяқ тарту және «Толағай» сынды ұлттық спор түрлерінен жарыстар өткізілді. Сондай-ақ кешкілік елге танымал өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.
Ауқымды шараға 176 бүркітші мен 50-ден астам тазы бапкері қатысып, өзара мықтыны анықтады:
-
Бүркіт салудан:
-
Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы)
-
Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы)
-
Бергенбай Тастанбек (Ақмола облысы) & Аяжан Даниярқызы (Алматы қаласы)
-
Қаршыға салудан:
-
Заки Махмудхан (Түркістан облысы)
-
Берікболсын Бабажан (Жамбыл облысы)
-
Халифа Алтай Мубарак (ШҚО) & Ерасыл Серікбекұлы (Астана)
-

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі -
Ителгі салудан:
-
Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы)
-
Бақдәулет Бабажан (Жамбыл облысы)
- Ануар Кеңес & Ералы Тастанбек (Ақмола облысы)
-
Тазы жарысынан:
-
Ержан Жайық, «Қарауыз» атты итімен (Өскемен қ.)
- Саят Калакаев, «Ақбақай» атты итімен (Семей қ.)
- Мейір Жетпісов, «Лашын» атты итімен (Тарбағатай ауданы)
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2020 жылдан бері дәстүрге айналған «Шығыс Салбурыны» фестиваліне биыл 15 мыңға жуық көрермен қатысқан. Бұл көрсеткіш ата-бабадан қалған төл өнер мен ұлттық спортқа деген қоғамның қызығушылығының жоғары екенін айқын дәлелдейді.

