Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Вьетнамның ірі ROX Group инвестициялық холдингіне қарасты ROX Living Global девелоперлік компаниясының өкілдерімен кездесті. Келіссөз барысында мегаполистегі жаңа Almaty Downtown іскерлік ауданын дамытуға шетелдік девелоперді тарту және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде ROX Living Global компаниясының бас директоры Чан Тхи Ми Лок бастаған делегация Almaty Downtown аумағында заманауи көпфункционалды кешен салу жөніндегі жоба концепциясын ұсынды. Жоба тұрғын үйлер мен кеңсе бөлмелерін, сауда орындарын, сондай-ақ білім беру, медициналық және спорттық мекемелерді қамтиды. Сонымен қатар инвесторлар аумақты кешенді көгалдандыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыруға және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге басымдық берілетінін атап өтті.

Өз кезегінде Дархан Сатыбалды Алматының біркелкі дамуды қамтамасыз ететін полиорталық модельге көшіп жатқанын және Almaty Downtown осы жүйедегі басты іскерлік орталықтардың біріне айналатынын айтты. Қала басшысы көпфункционалды кешен салу бастамасын қолдап, әкімдік тарапынан бұл жобаны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетілетінін және жұмыстың жақын арада іс жүзінде басталатынына сенім білдірді.
Анықтама ретінде айта кетсек, 1996 жылы құрылған вьетнамдық ROX Group жылжымайтын мүлік, қаржы, энергетика және қонақ үй бизнесі салаларында жұмыс істейді. Топтың халықаралық портфелінде әлемнің 12 еліндегі 100-ден астам жоба бар. Бүгінде компания Орталық Азиядағы белсенділігін арттырып келеді, олардың аймақтағы ірі жобаларының бірі Бішкек қаласында жүзеге асырылуда.
Келесі материал: Қазақстан Қарулы күштері үшін 200-ден астам әскери дәрігер даярлануда
