Такла-Макан шөлінің солтүстік шетінде орналасқан Шахъяр уезінде алтын күз келіп, 300 мың гектардан астам табиғи евфрат терегі ормандары біртіндеп алтын түске боялып жатыр. 2026 жылғы 31 қазанда Шахъяр уезінде «Алтын евфрат терегі. Экологиялық Шахъяр» ұранымен XVI мәдени-туристік маусымның іс-шаралары ашылады. Мыңжылдық терек патша атанған алып ағаш пен ұшы-қиыры жоқ орманды алқаптың көрінісі үйлескен Шахъяр әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді алтын түсті табиғат аясындағы ерекше кездесуге шақырады, деп хабарлайды SteppeNews.kz China News Service — ке сілтеме жасап.
Шахъяр уезінде әлемдегі көлемі жағынан ең ірі әрі табиғи қалпы жақсы сақталған евфрат теректерінің тұтас орман алқаптары орналасқан. Бұл өңір Қытайдағы Тарым ойпаты евфрат теректерінің отаны ретінде бұрыннан танымал. Тарым өзенінің екі жағалауын бойлай 300 мың гектардан астам табиғи терек орманы созылып жатыр.
Мұнда ағаштардың бірнеше деңгейлі құрылымы қалыптасқан. Ортасында мыңжылдық терек патша, негізгі бөлігінде ғасырлық ағаштар, ал орманның негізін жүздеген гектар аумақты алып жатқан жас ағаштар құрайды. Ормандар өзінің бастапқы экологиялық келбетін толық сақтап, Шахъяр теректерінің табиғилығын, тұтастығын және сирек кездесетін ерекшелігін айқын көрсетеді.
Ежелгі және құнды ағаштарды жалпыұлттық екінші рет түгендеу нәтижесіне сәйкес, Шахъяр уезінде 5 244 көне ағаш бар. Олардың ішіндегі ең танымалы әрі мәртебесі жоғарысы – Цинайбао ауылындағы «Теректер патшасы». Оның жасы – 1 507 жыл, биіктігі – 17,8 метр, кеуде тұсындағы діңінің айналымы – 740 сантиметр, ал тәжінің орташа диаметрі – 13,5 метр. Бұл – бүгінге дейін Шыңжаңда белгілі болған ең кәрі ағаш. Ол алып шөлдің «тірі жасыл ескерткіші» саналады.

Мыңжылдық терек Гоби шөлінің қуаң жерінде терең тамыр жайып, сансыз құмды дауылды, аяз бен аптап ыстықты бастан өткерген. Ол көне Кучар патшалығындағы өзгерістер мен Ұлы Жібек жолының гүлденген кезеңіне куә болған. Ағаштың ұзақ ғұмыры евфрат терегінің «мың жыл бойы тірі тұрады, өлгеннен кейін мың жыл құламайды, құлағаннан кейін тағы мың жыл бұзылмайды» деген сипаттамасын айқын көрсетеді.
Бұл – табиғаттағы тіршілік ғажайыбы ғана емес, Шахъяр теректерінің табандылық, үнемі жетілу, шекаралық өңірге тамыр жаю және жанқиярлықпен қызмет ету рухының көрінісі.
Шахъяр уезінің орман және дала шаруашылығы басқармасының жобалау бөлімінің директоры Ли Вэйдің айтуынша, теректер патшасы – Шахъярдың ғана емес, бүкіл Шыңжаңның қазынасы.
«Бұл ағаш 1 507 жыл ішінде талай құмды дауыл мен құрғақшылықты бастан өткерді. Оның әлі күнге дейін тірі болуының өзі – тіршілік ғажайыбы. Бұл жай ғана ағаш емес, Шахъяр теректерінің рухын танытатын көрнекі оқулық. Осы жылдар бойы біз тасқын суларды орманды суаруға бағыттауды, аурулар мен зиянкестерге қарсы күресуді және орманды тұрақты бақылауды жалғастырып келеміз. Ормандардың жайқалып өскенін және терек рухының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанын қалаймыз», – деді ол.
Экология – Шахъярдағы терек маусымының басты негізі.
Шахъяр уезі Тарым ойпатының солтүстік шетінде орналасқан. Оның аумағындағы шөлейттенуге бейім жерлердің үлесі 84,69 пайызға жетеді. 300 мың гектардан астам табиғи терек орманы құмды дауылдардан қорғайтын, климатты реттейтін және оазистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды экологиялық тосқауыл саналады.
Соңғы жылдары Шахъяр уезі «Мөлдір су мен жасыл таулар – баға жетпес байлық» тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Орман ресурстарын басқаруда басшылардың үш деңгейлі жауапкершілік тетігіне сүйене отырып, Тарым өзеніне экологиялық мақсатта су жіберу, орман алқаптарын тасқын сумен суару, аурулар мен зиянкестерге қарсы ғылыми негізделген күрес жүргізу, сондай-ақ ормандарды тұрақты бақылау және күтіп-баптау шаралары қолға алынған.
Осының нәтижесінде терек ормандарының экологиялық жағдайы жақсарып келеді. Ғылыми негізделген жүйелі күтім мыңдаған гектар аумақтағы табиғи орман келбетін сақтауға, уезд оазистерінің экологиялық құрылымын нығайтуға және мәдениет пен туризм салаларын сапалы дамытуға берік негіз қалауға мүмкіндік берді.
Шахъяр уезінің мәдениет, спорт, радиохабар тарату, теледидар және туризм басқармасының туризм бөлімінің басшысы Ли Цзин биылғы терек маусымының тақырыбы «Алтын евфрат терегі. Экологиялық Шахъяр» екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты мақсат – экологияны қорғауды бірінші орынға қойып, туристерге алтын түске боялған теректерді тамашалаумен қатар, Шахъярдағы экологиялық дамудың нәтижелерін көрсету.
«1 507 жылдық терек патша мен 300 мың гектар табиғи орманның бірегей ресурстарына сүйене отырып, Шаянчжоу, №139 қорғалатын терек орманы арқылы өтетін автомобиль жолы және Юэлянвань шығанағы сияқты үздік туристік нысандарды бір бағытқа біріктірдік. Туристерге фототурлар, қорғалатын аумақтар арқылы автосаяхаттар, танымдық экскурсиялар және табиғат аясындағы сауықтыру демалысын ұсынамыз. Осы арқылы олардың уақытын қызықты өткізіп, саяхаттан ләззат алуына мүмкіндік жасағымыз келеді», – деді Ли Цзин.
Қазіргі уақытта Шахъяр уезіндегі туристік нысандар инфрақұрылымды жетілдіріп, көрікті жерлерді аралау бағыттарын оңтайландырып жатыр. Терек маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жалғасуда.
31 қазанда Шахъярда кездесіп, мыңжылдық терек патшаның асқақ бейнесін тамашалауға, алтын түске құлпырған шексіз орманды көруге және «Алтын евфрат терегі. Экологиялық Шахъяр» атты табиғат көрінісінің куәсі болуға болады.
Келесі материал: «Құрлықтың қойнауындағы теңіз өнімдері»: Шыңжаң әлемдік нарыққа шығуда
