Жақында өткен 9-Қытай–Еуразия көрмесінде Шыңжаңдағы Нылқы ауданында суық суда өсірілген албырт балығы көпшіліктің назарын аударды. Өнім шетелдік сатып алушылар мен әлеуетті серіктестердің қызығушылығын тудырды. Бүгінде Шыңжаңда өсірілген албырт Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, 20-дан астам ел мен аймаққа жеткізіледі, деп хабарлайды SteppeNews.kz China News Service — ке сілтемем жасап.
Көпшілік теңіз өнімдерін тек жағалаудағы өңірлерге тән өнім деп санайды. Алайда Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде орналасқан Шыңжаң ең жақын теңіз жағалауынан 2000 шақырымнан астам қашықтықта жатса да, мұнда балық, асшаян мен теңіз шаянын өсіру жолға қойылған.
Теңіз өнімдерін өсіруге қандай жағдай жасалған?
Өңірде бұрын ауыл шаруашылығының дамуын шектеген ауқымды тұзданған жерлер бар. Зерттеулер кейбір аудандардағы тұзды жерасты суларының құрамы теңіз суына жақын екенін көрсетті. Мамандар арнайы микроэлементтер мен пробиотиктерді пайдалану арқылы теңіз балықтарын өсіруге қолайлы жасанды су ортасын қалыптастыруды меңгерген.
Шыңжаңның тағы бір артықшылығы – күн сәулесінің молдығы мен күндізгі және түнгі температура арасындағы елеулі айырмашылық. Бұл балық пен асшаян етінің тығыз болуына ықпал етеді.
Тянь-Шань тауларындағы Қаш өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Нылқы ауданында таза еріген қар суы мен жыл бойы 8–13 °C аралығында сақталатын температура албұрт өсіруге қолайлы жағдай жасайды.

Балық шаруашылығы қалай дамып келеді?
Шыңжаңда құрлықтың ішкі бөлігінде балық өсіру жұмыстары 1970-жылдары басталған. Соңғы жылдары технологиялардың жетілуі мен өндірістік тізбектердің дамуы нәтижесінде өңірде албырт, ақ аяқты асшаян және австралиялық тұщы су шаянын өнеркәсіптік көлемде өсіру жолға қойылды.
Такла-Макан шөлінің шетіндегі тұздылау су айдындарында асшаян өсіріледі. Ал Іле өзені аңғарының суық сулары жыл сайын бірнеше мың тонна өнім беретін албырт шаруашылығының дамуына мүмкіндік береді.
Сайрам көлінде майлылығы жоғары ақ албырт өсіріледі. Қоректік қасиеттерінің арқасында бұл өнім Еуропалық одақ нарығына шыққан.
2025 жылғы деректер бойынша, Шыңжаңда су өнімдерінің өндіріс көлемі 206 мың тоннаға жетіп, бір жылда 7%-ға өскен.

Жергілікті нарықта теңіз өнімдеріне сұраныс артты
Жергілікті балық шаруашылығының дамуы тұрғындардың күнделікті өміріне де өзгеріс әкелді. Бұрын жаңа ауланған теңіз өнімдерін алыс өңірлерден тоңазытқышы бар көліктермен жеткізуге тура келетін. Бұл тасымалдау уақытын ұзартып, шығынды көбейтетін.
Қазір өңір базарларынан тірі асшаяндар мен крабтарды табуға болады. Мейрамханалар мен отбасылық дастарқандарда қуырылған асшаяндар, буға пісірілген лобстер мен крабтар, сондай-ақ албырттан жасалған сашими ұсынылады.
Шыңжаң өнімдері әлемдік нарыққа қалай жеткізіледі?
Шыңжаңның су өнімдері шетелдік нарықтарға белсенді түрде шығып жатыр. Салқындатылған өнімді тасымалдау жүйесінің дамуы нәтижесінде теңіз өнімдерін сұрыптап, қаптап, жылдам мұздатқаннан кейін Қытайдың ірі қалаларына 48 сағат ішінде жеткізуге болады. Ал шетелдік тұтынушыларға әуе көлігі арқылы шамамен 72 сағатта жеткізіледі.
Халықаралық жүк пойыздары, арнайы әуе бағыттары мен шекарааралық тоңазытқыш логистикасы Шыңжаңның ішкі аудандарын әлемдік нарықтармен байланыстырады.
2025 жылғы қазанда Сингапурдағы Marina Bay Sands қонақүйінде Нылқы албыртының дегустация фестивалі және Тянь-Шань бахтахынан әзірленген тағамдар ұсынылған банкет өтті. Мұздықтардың еріген суында өсірілген қытайлық албыртты Оңтүстік-Шығыс Азия асханасының элементтерін қолданған халықаралық аспаздар тобы дайындады. Бұл іс-шара Шыңжаң өнімдерін шетелдік премиум азық-түлік нарығында танытуға бағытталған қадамдардың бірі болды.
Баграшкөл мен Сайрам көлдерінен алынатын балықтың өзге түрлері де Малайзия, Жапония және басқа елдердегі тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Шыңжаңда өсірілген ақ аяқты асшаян мен австралиялық тұщы су шаянына Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы тарапынан тапсырыстар артып келеді.
Сала деректеріне сәйкес, өңірдің негізгі экспорттық өнімдерінің бірі саналатын албырт балығы қазірдің өзінде Ресей, Сингапур және Жапонияны қоса алғанда, 22 ел мен аймаққа жеткізіледі.
Келесі материал: Өзбекстан студенттері Google Gemini AI Plus жазылымын бір жыл тегін пайдалана алады
