Арал өңірі тұрғындарының денсаулығын экологиялық және климаттық қауіптерден қорғауға бағытталған «Салауатты болашақ» бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасы таныстырылды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Құжат Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуінде таныстырылды. Жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисінің басшысы, мемлекеттік органдар мен Қызылорда облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Арал өңіріндегі «Салауатты болашақ» құжаты: 2026–2030 жылдарға арналған «Арал теңізі – қоршаған орта және денсаулық» бағдарламасына қарай» атты жол картасы биыл сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болып отыр. Құжатта профилактикалық іс-шараларды, медициналық және экологиялық мониторингті күшейту көзделген.

«Біз үшін экологиялық факторлардың адам денсаулығына әсер етуін күтпей, алдын ала әрекет ету маңызды. Біз қауіптерді ертерек анықтап, аурулардың алдын алып, адамдарға қажетті көмекті уақтылы көрсетуіміз керек», – деді Ақмарал Әлназарова.
Жол картасы санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық мониторингті күшейтуді, ғылыми зерттеулерді дамытуды, сондай-ақ су мен ауаның сапасы, климаттық және басқа да факторлардың халық денсаулығына әсерін талдау үшін цифрлық технологияларды пайдалануды көздейді.
Жоба аясында балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және созылмалы аурулары бар пациенттерге ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан мен Өзбекстанның күш-жігерін ДДҰ және БҰҰ жүйесіндегі әріптестердің қолдауымен біріктіреді. Оған экологиялық ведомстволар, өңірлік органдар, ғылыми қоғамдастық және халықаралық ұйымдар да қатысады.
Қазақстанда Арал өңірінің экожүйелерін қалпына келтіру, Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру және сексеуілден қорғаныш орман алқаптарын құру бойынша шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар су ресурстарын мониторингтеудің заманауи құралдары енгізілуде.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, келесі кезеңде экологиялық және медициналық деректердің өзара байланысын күшейту маңызды. Бұл мәліметтер халық денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және қажетті шешімдерді уақтылы қабылдау үшін пайдаланылмақ.

«Бүгін біз баршамызға, әсіресе келер ұрпаққа қатысты болашаққа бастайтын нақты қадамдарды айқындау үшін жиналып отырмыз. Келер ұрпақтың таза суы, таза ауасы және қауіпсіз азық-түлігі бар ортада өмір сүруге деген үміті сақталуы тиіс. Бұл – ортақ жауапкершілік. Мұндай болашаққа тек бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізуге болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атынан осы маңызды бастамаға қатысып отырған баршаңызға алғыс айтамын. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне көшбасшылығы, қолдауы және осы бағдарламаны іске асыруға деген бейілділігі үшін ризашылығымды білдіремін. ДДҰ бұдан әрі де Қазақстанға қоршаған орта мен денсаулық мәселелеріне кешенді тәсілді ілгерілетуге және қазіргі әрі болашақ ұрпақтың денсаулығы мүддесінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолдау көрсететін болады», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы офисінің басшысы, доктор Скендер Сыла.
Қазақстан Орталық Азия елдерінің, ДДҰ-ның, БҰҰ жүйесінің, ғылыми қоғамдастықтың және халықаралық әріптестердің күш-жігерін Арал өңірі тұрғындарының денсаулығы мен аймақтың орнықты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ мақсат төңірегінде одан әрі біріктіруді жоспарлап отыр.
Келесі материал: Қытайда мерекелік күндері тұтынушылар белсенділігі артты
