Қазақстан құрамасы Шанхайда өткен WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатында сегіз марапатқа ие болды. Команда қоржынында бір қола медаль, кәсіби шеберлігі үшін алты медаль және «Best of Nation» марапаты бар деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша Руслан Нестеренко қола жүлдегер атанды. Бұл бағыт әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілген. Қазақстандық маман жаңа технологиялар бағытындағы жарыста жүлделі орынға ие болды.
Кәсіби шеберлігі үшін медальдарды «Веб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша Ағыбай Мұхаметжан, «Сантехника және жылыту» бойынша Нодирбек Рустамханов, «Дәнекерлеу технологиялары» бойынша Вадим Витковский, «Өнеркәсіптік дизайн» бойынша Дарья Мельник, «Графикалық дизайн» бойынша Бағыжан Қойшыбаев және «Мехатроника» бойынша Рамазан Нұрлан мен Денис Панин иеленді.
«Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігі бойынша бақ сынаған Камила Алиева «Best of Nation» марапатына ие болды.
48-ші әлем чемпионатында Қазақстан атынан 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дамыту мен білікті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды.
Келесі материал: Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинамен кездесті
