Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу кезінде оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті.
Кездесулер барысында министр қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізіп, орны толмас қазаның ауыр екенін атап өтті.
«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Қорғаныс министрі.
Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Қызмет өткеру кезінде олар өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, әскери борышына адалдық танытқан.
Министр Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаусыз қалдырмайтынын айтты. Отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп, туындаған мәселелерді шешуге жәрдем беріледі. Ведомство олармен тұрақты байланыста болмақ.
Қаза болған әскери қызметшілердің есімі туған-туыстары, жақындары, қаруластары және Қарулы күштердің жеке құрамы жадында сақталады.
Келесі материал: Каппадокияда орта ғасыр дәуіріне арналған фестиваль өтті
