25 қыркүйекте Айчи мен Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды. Күн қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ескек есу, нысана көздеу, семсерлесу және жеңіл атлетикадан бес қола медаль жеңіп алды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алғашқы жүлдені ескек есуден Қазақстан әйелдер құрамасы иеленді. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко байдарка-төрттіктен 500 метр қашықтықта қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшылар бұл қашықтықты 1 минут 37,005 секундта бағындырды.
Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев ел қоржынына тағы бір қола медаль салды. 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі винтовкамен үш позицияда ату сайысының финалында ол 348,3 ұпай жинап, үшінші орын алды.
Семсерлесуден әйелдер құрамасы да қола жүлдегер атанды. Ширек финалда Қазақстан құрамасы Гонконг спортшыларын 45:35 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда Қытай құрамасына 21:45 есебімен жол берді. Нәтижесінде София Николайчук, Ирина Бакалдина, Владислава Андреева және Дарья Самоделкина Азия ойындарының қола медалін иеленді.
Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан екі қола медаль жеңіп алды. Полина Иванова сырықпен секіруде 4,15 метр биіктікті бағындырып, үшінші орынға тұрақтады. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарындағы осы спорт түрінен тарихтағы алғашқы медалі.
Сондай-ақ Алина Чистякова жеті сайыста қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 5568 ұпай жинады.
Бұдан бөлек, бірнеше қазақстандық спортшы жүлдеге жақын болды. Спорттық гимнастикадан Милад Карими кермедегі жаттығудың финалында 13,666 ұпай жинап, төртінші орын алды. Ескек есуден Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров байдарка-екіліктің 500 метрлік жарысында төртінші нәтиже көрсетті.
Тау велоспортынан Денис Сергиенко ерлер арасындағы кросс-кантри жарысында бесінші орын алды. Ал Максим Фроловский 10 000 метрге жүгіруден финалда алтыншы орынға тұрақтады.
Жағажай волейболынан Мерей Қожахмет пен Лаура Қабылбекова топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық жұп Филиппин өкілдері Бернадет Понс пен Черри Энн Рондинуды 2:1 есебімен жеңіп, іріктеу кезеңін жеңіліссіз аяқтады.
Бокстан Назым Қызайбай мен Оразбек Асылқұлов жарысты 1/8 финалда аяқтады.
Алты жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 30 медаль бар: 8 алтын, 8 күміс және 14 қола. Ұлттық құрама ХХ жазғы Азия ойындарының жалпыкомандалық есебінде төртінші орында тұр.
Келесі материал: Қырғызстан президенті Бішкекте жаңа оқу корпусын ашты
