Цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында жасанды интеллект Қытай мен Африка арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа драйверіне айналып келеді. Бұған оның түрлі салаларда практикалық қолданылуының кеңеюі әсер етіп отыр. Бұл туралы жаңа баяндамада айтылған деп хабарлайды SteppeNews.kz Синьхуа ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
«Қытай-Африка сауда-экономикалық ынтымақтастығы: прогресс және перспективалар – 2026» атты баяндама Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының әкімшілік орталығы Ханчжоу қаласында 23–27 қыркүйек аралығында өтіп жатқан 5-ші жаһандық цифрлық сауда көрмесінде таныстырылды.
Баяндамада жасанды интеллектіні қолдану Қытай-Африка ынтымақтастығы аясында болашақтағы мүмкіндік ретінде қарастырылатын бағыттан нақты жобалар кезеңіне жылдам өтіп жатқаны атап өтілген. Екіжақты ынтымақтастық аясында жасанды интеллект табиғи апаттардың алдын алу, денсаулық сақтау, «ақылды» ауыл шаруашылығы және қалаларды басқару салаларында қолданылып келеді.
Absa China компаниясының бас директоры Клаус-Дитер Кемпфер Африка кәсіпорындарының әлемдік экономикадағы өзгерістерге бейімделуі үшін цифрлық инфрақұрылымға сұраныс артып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, цифрлық сауда мен инфрақұрылым нарыққа шығу кедергілерін азайтып, компанияларға жаңа нарықтарға жол ашуға және кәсіпкерлерге географиялық орналасуына қарамастан халықаралық саудаға қатысуға мүмкіндік береді.
Қытайдағы Африка одағының тұрақты өкілі Альхаджи Сарджо Бах цифрлық ынтымақтастықты бес бағытта тереңдетуді ұсынды. Олар – цифрлық сауда рәсімдерін жеңілдету және трансшекаралық электронды коммерция, трансшекаралық төлемдер, деректерді қауіпсіз басқару мен киберқауіпсіздік, цифрлық технологиялар мен индустриялық парктерді дамыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар саласында мамандар даярлау және адамаралық байланыстарды кеңейту.
Ол Қытайдағы цифрлық саудаға бағытталған индустриялық парктер мен Африкадағы арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтар арасында өзара байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар бұл үдеріске бұлтты есептеулер, деректерді өңдеу орталықтары, интеллектуалды логистика және жасанды интеллект технологияларын өндіріс пен өңдеу салаларына енгізу ұсынылды.
«Африка шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге көшуді көздейді. Сондай-ақ өңделмеген деректерді жинаудан дайын аналитикалық ақпарат алуға көшуге мүдделі», – деді Альхаджи Сарджо Бах.
Оның айтуынша, бұл үшін жергілікті контентті дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру және технологияларды беру маңызды. Сонымен қатар Африка елдерінің тілдері мен жергілікті ерекшеліктеріне бейімделген жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу қажеттігі айтылды.
Жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобалар қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Мацзу» (MAZU) жасанды интеллект жүйесіне негізделген метеорологиялық ерте ескерту жүйесі. Африканың ауа райына байланысты табиғи құбылыстардың алдын ала ескерту қажеттіліктеріне бейімделген бұл жүйе қазіргі уақытта Эфиопия мен Джибутиде енгізілген.
Цифрлық ынтымақтастықтың кеңеюі Қытай мен Африка арасындағы сауданың тұрақты өсуімен қатар жүріп отыр. 2025 жылы екіжақты тауар айналымы жылдық есеппен 17,7%-ға өсіп, 348 млрд долларға жетті.
Биыл 1 мамырдан бастап Қытай дипломатиялық қатынастар орнатқан Африкадағы 53 елдің барлығына нөлдік тариф режимін енгізді.
2016–2025 жылдар аралығында Қытайдың цифрлық форматта көрсететін қызметтерінің сауда көлемі жыл сайын орта есеппен 11,2%-ға өскен. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден 1,8 пайыздық тармаққа жоғары.
Келесі материал: Миллиардтаған келісімдер мен жаңа зауыттар: Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті
