Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэде ескек есу жарысының әйелдер арасындағы 500 метр қашықтықтағы байдарка-екілік сайысында өнер көрсетті. Финалда Шмелева мен Токарницкая екінші нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасына күміс медаль әкелді.

Соңғы жылдары Қазақстанда ескек есу спортының инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістанда салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы.
2025 жылы пайдалануға берілген кешеннің аумағы шамамен 100 гектарды құрайды, ал ұзындығы 2,2 шақырымнан асады. Нысан спортшылардың жаттығуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және ескек есу спортынан халықаралық жарыстар ұйымдастыруға арналған.
Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкаяның күміс медалі Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарындағы кезекті жүлдесі болды.
Келесі материал: Минскіде Қытай модернизациясының жетістіктеріне арналған фотокөрме ашылды
