Қазақстан құрамасы Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында аралас жекпе-жектен екі алтын медаль иеленді. 22 қыркүйекте Қадырбек Шынбаев пен Еркінғали Бүркіталин өз салмақ дәрежелерінде топ жарып, ел қоржынына қатарынан екі чемпиондық жүлде әкелді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
ММА бұл жолы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Осы тарихи додада қазақстандық спортшылардың нәтижесі де назар аударуға тұрарлық. Еркінғали Бүркіталин Қазақстан құрамасына ММА-дан алғашқы алтынды әкелсе, Қадырбек Шынбаев бұл жетістікті жалғастырып, екінші алтынды иеленді.
Еркінғали Бүркіталин: 77 келіге дейінгі салмақта чемпион

Алдымен 77 келіге дейінгі салмақта, дәстүрлі стильде өнер көрсеткен Еркінғали Бүркіталин ақтық бәсекеге шықты. Нагоядағы Инаэ спорт орталығында өткен финалда ол Бахрейн өкілі Мұхаммед Нәбиевпен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Бүркіталин Қазақстанның Азиададағы бесінші алтынына қол жеткізді.
Бұл жеңіс қазақстандық ММА шебері үшін де, ел құрамасы үшін де маңызды нәтиже болды. Бүркіталин финалға дейінгі кезеңдерде Оңтүстік Корея спортшысы Юн Тэёнды жеңіп, жартылай финалға өткен болатын.
Қадырбек Шынбаевтан екінші алтын

Бірнеше сағаттан кейін Қазақстан қоржыны тағы бір алтынмен толықты. 22 жастағы Қадырбек Шынбаев 71 келіге дейінгі салмақта, modern санатында өнер көрсетіп, финалда Тәжікстан өкілі Бехруз Хуршедзодадан 3:0 есебімен басым түсті.
Осы нәтижемен Шынбаев Қазақстанға ММА-дан Азиададағы екінші алтынды әкелген спортшы атанды. Бұған дейін ол жартылай финалда Өзбекстан өкілі Нодирбек Шавкатовты жеңіп, ақтық сынға жолдама алған еді.
Шынбаев үшін бұл жыл да нәтижелі өтіп жатыр. 2026 жылдың қаңтарында ол ересектер арасындағы ММА-дан Азия чемпионы атанған. Осылайша қазақстандық жауынгер бір жыл ішінде құрлық чемпионатында және Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
XX жазғы Азия ойындары Аичи мен Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Келесі материал: Қытай Халық Республикасының 77 жылдығы Алматыда аталып өтті
