Алматыда Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті. Жиын ресми құттықтаулармен ғана шектелмей, Қазақстан нарығында сатылымда жүрген қытай автокөліктері таныстырылған көрме және музыкалық-мәдени бағдарламамен жалғасты.

Салтанатты кеш екі елдің Мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен ашылды. Бір мезетте ресми залдың қалыпты тыныштығын әуен алмастырып, мерекенің негізгі идеясы – тарих, серіктестік пен мәдени жақындастық – кештің әр бөлігінен сезіліп отырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
77 жылдық белес: тарихтан жаңа кезеңге дейін

Биыл Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл, ал Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Соңғы онжылдықтарда Қытай экономикасы ауқымды өзгерістер кезеңінен өтті. 1979–2023 жылдары елдің орташа жылдық экономикалық өсімі 8,9%-ға жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары болды. Осы кезеңде Қытайдың әлемдік экономикалық өсімге қосқан орташа жылдық үлесі 24,8%-ды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай әлемдегі тауар саудасы көлемі ең жоғары мемлекет мәртебесін сақтап қалды. Елдің сыртқы сауда айналымы 45,47 трлн юаньға жеткен. Валюталық резерв көлемі де жоғары деңгейде қалып отыр: 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 3,3579 трлн АҚШ долларын құрады.
Қазір ел 2026–2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық жоспардың жаңа кезеңіне кірді. Құжатта технологиялық жаңғыру, цифрландыру және жаңа өндірістерді дамытуға басымдық берілген.

Қазақстандық тарап өкілдері де Қытаймен қарым-қатынасты экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшеуге болмайтынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Жарасқанұлы Абдрашов Қытайды Қазақстанның тату көршісі әрі сенімді серіктесі ретінде атап, екі ел арасындағы байланыстардың әртүрлі деңгейде жүйелі дамып келе жатқанын айтты.
Автокөлік нарығындағы өзгеріс: 3 пайыздан 43 пайызға дейін

Кештің ерекше бөліктерінің бірі – Қазақстан нарығындағы Қытай автокөліктерінің көрмесі болды. Мұнда соңғы жылдары елдегі көлік таңдауының қалай өзгергенін аңғаруға болатын нақты мысалдар қатар тұрды.
ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Сю Фанцю қазақстандық тұтынушылар арасында қытай көліктерінің жайлылығы, дизайны мен қауіпсіздігіне деген қызығушылықтың артқанын атап өтті.
«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның жаңа автокөліктердің ресми нарығындағы қытай көліктерінің үлесі шамамен 43%-ды құрады. Қазіргі уақытта қытайлық автомобиль брендтерінің шамамен 80%-ы Қазақстанда өндіріс жүргізіп отыр», – деді Қытай консулі.

Осы жерде автокөлік жай ғана көрме нысаны емес, екі ел арасындағы экономикалық байланыстың өзгеріп жатқан сипатын көрсететін мысалға айналды. Қытайлық компаниялардың Қазақстандағы жұмысы енді импортпен шектелмей, жергілікті өндіріс пен технология алмасуына қарай бет бұрған.
«Қытай тарапы қазақстандық серіктестермен бірге озық технологиялармен алмасуды жалғастыруға, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға және Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің үлесін ұлғайтуға оң үлес қосуға дайын», – деді Сю Фанцю.
Бұл үрдісті Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев та атап өтті. Оның айтуынша, компания бүгінде қытайлық брендтерді Қазақстанда сатумен қатар, Chery, Great Wall Motors және Changan көліктерін жергілікті өндірісте шығарып отыр.
«Зауытты өткен жылдың қыркүйегінде іске қостық. 2025 жылы онда 15 мыңнан астам автокөлік өндірілді. Биыл шамамен 60 мың, ал келесі жылы 100 мыңнан астам қытайлық автокөлік шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді Бекнұр Несіпбаев.

Алматының индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынға 215 млрд теңге инвестиция салынған. Зауытта 2,2 мың адам жұмыс істейді.
Несіпбаев қытайлық көліктерге деген сұраныстың бірнеше жыл ішінде қалай өзгергенін де салыстырды.
«Бес жыл бұрын қытайлық брендтердің Қазақстандағы жаңа автокөлік сатылымындағы үлесі шамамен 3% еді. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 43%-ға жетті. Яғни қазір сатылатын жаңа көліктің шамамен әр екіншісі – қытайлық бренд. Жыл соңына дейін жалпы сатылым көлемі 50%-дан асады деп болжап отырмыз», – деді ол.
Осы деректердің өзі Қазақстандағы автомобиль нарығының соңғы жылдардағы өзгерісін аңғартады. Бүгінде көлік саудасы екі ел арасындағы өндірістік кооперацияның, инвестицияның және технология алмасудың бір бөлігіне айналып келеді.
«Көрші ақысы – Тәңір ақысы»: байланыс туралы ортақ түсінік
Мерекелік жиында екі ел арасындағы қарым-қатынастың тағы бір қыры – тату көршілік пен өзара сенім де сөз болды.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Бейбіт Болатұлы Құсайынов қазақ және қытай халықтарының көршілікке қатысты даналықтарын мысалға келтірді.
«Қазақ халқында «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тағылымды сөз бар. Қытай халқының да «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген даналығы бар.
Сөздері әртүрлі болғанымен, мағынасы бір: көршіге деген құрмет, тату көршілік және өзара қолдау мемлекеттер арасындағы берік достықтың негізі болып табылады.Қазақстан мен Қытай бұл даналықты сөзбен ғана емес, нақты істерімен де дәлелдеп келеді.»
Бұл ой кештің жалпы мазмұнымен де сабақтасты. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс экономика, өндіріс және саудамен қатар, өңірлік байланыстар мен мәдени алмасуды да қамтиды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Қытай қалаларына жасалған сапар кезінде озық өндіріс, жасанды интеллект және «ақылды қала» технологияларының күнделікті өмірге енгізілуіне назар аударғанын айтты.

«Сапар барысында біз Қытайдың даму қарқынын өз көзімізбен көрдік. Әсіресе жасанды интеллект технологияларының, озық өндірістің, машина жасаудың және «ақылды қала» жүйелерінің күнделікті өмірге, экономикаға және қалалық инфрақұрылымға кеңінен енгізілуі бізге үлкен әсер қалдырды», – деді Ғани Майлыбаев.
Оның айтуынша, Алматы облысы Қытайдың өңірлерімен және іскерлік қауымдастықтарымен байланыстарды одан әрі кеңейтуге ашық.
Ал ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Сю Фанцю екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңіне тоқталып, былай деді:
«Бүгінде біз жаңа тарихи кезеңге қадам басып отырмыз. Қытай Қазақстанмен бірге барлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын сапалы түрде бірлесіп ілгерілетуге және Қытай мен Қазақстанның тағдыры ортақ қауымдастығын қалыптастыру жолында жаңа парақ ашуға дайын.»

Би, күй және ән: кештің мәдени бағдарламасы

Ресми бөлім аяқталған соң кештің мазмұны өнерге ойысты. Салтанатты бағдарламаның екінші бөлігі биден басталды.
Ұлттық киімдегі бишілер сахнаға шығып, қазақтың дәстүрлі би қимылдарын шығыс нақышындағы элементтермен өрнектеді. Бишілердің әр қадамы мен қол қимылы музыка ырғағымен үйлесіп, сахнаға ерекше қозғалыс берді. Түрлі түсті ұлттық киімдер де қойылымның көркемдік әсерін күшейтіп, кешке мерекелік реңк қосты.

Биден кейін сахна төрінде қазақтың қара домбырасы сөйледі. Күмбірлеген күйдің алғашқы әуені залдағы көңіл күйді өзгертіп, жұрт назарын бірден өзіне аударды. Әсіресе «Адай» күйінің ширақ ырғағы кештің қарқынын үдетіп, домбыраның қос ішегінен төгілген әуеннен кең даланың тынысы сезілгендей болды.
Күйден кейін ән шырқалып, концерттік бағдарлама жалғаса түсті. Әуен бірде баяу тербеп, бірде залға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Музыкалық нөмірлердің арасында ұлттық өнердің өзіне тән бояуы айқын көрінді.

Кештің ең жылы сәттерінің бірі балалардың өнер көрсетуімен байланысты болды. Ұлттық және шығыс үлгісіндегі киім киген кішкентай өнерпаздар сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Балалардың шынайы қуанышы мен еркін қимылы ресми кештің салмағын жеңілдетіп, залға ерекше жылылық әкелді.
Осылайша кештің мәдени бөлімі бірінен кейін бірі жалғасқан би, күй, ән және балалардың өнер көрсетуі арқылы мерекелік атмосфераны сақтап отырды. Сахнадағы әр қойылым кештің ресми мазмұнынан бөлек, қонақтарға өнер арқылы демалып, мерекелік көңіл күйді сезінуге мүмкіндік берді.



Алматыдағы шара Қытай Халық Республикасының 77 жылдығына арналған мерекелік жиын ретінде өтіп, онда елдің тарихы мен қазіргі дамуы, Қазақстан нарығындағы қытай автокөліктерінің орны, екіжақты байланыстар және мәдени бағдарлама қатар сөз болды.
Қытайдың дәстүрлі «Арыстан биі»

Қытай автобренттерінің көрмесінің ашылу сәтінде орындалған бұл жарқын қойылым — қытай халқының мыңжылдық тарихы бар дәстүрлі «Арыстан биі» . Бұл өнер түрі Қытай мәдениетінде ерекше орын алады:
• Сәттілік пен береке символы: Қытай ұғымында арыстан — жаман рухтар мен терс энергияны қуатын, орнына құт-береке, сәттілік пен байлық әкелетін киелі жануар. Соған байланысты бұл би жаңа бастамалардың, ірі көрмелердің, бизнестің ашылуында және Қытай Жаңа жылында міндетті түрде орындалады.
• Орындалу шеберлігі: Әрбір арыстан бейнесінің ішінде екі биші болады. Біріншісі арыстанның басы мен бет-әлпетін (көзі, құлағы, аузы) қозғалтса, екіншісі арқасы мен құйрығының қозғалысын қамтамасыз етеді. Би кунфу (ушу) элементтері мен күрделі акробатикалық секірістерге толы.
• Музыкалық ырғақ: Би дәстүрлі барабан, гонг және тарелка сияқты аспаптардың динамикалы ырғағымен сүйемелденіп, іс-шараға ерекше мерекелік әрі салтанатты атмосфера сыйлайды.
Көрмені осындай ұлттық дәстүрлі бимен ашу — қытай мәдениетінің бай мұрасы мен жаңа технологиялардың жарасымды сабақтастығын айшықтап көрсетті.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: Алматы мен Цинхай экология және ғылым саласында ынтымақтастықты күшейтеді
