«Бір апта ішінде Шыңжаңның мәдени ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, Қытайдағы жасанды интеллект пен робототехника технологияларын жақыннан көруге мүмкіндік алдым. Бұл салаға қызығушылығым жоғары», — деді 16 қыркүйекте Үрімші қаласында Қырғызстаннан келген студент Аяна Турдиева.
16 қыркүйекте Үрімшіде «Бір белдеу, бір жол» жас өнертапқыштарының 10-шы жастар лагері мен оқытушылар семинарының жабылу рәсімі өтті. Іс-шара барысында қатысушылар ғылыми-техникалық бағыттағы жұмыстарын таныстырып, тәжірибе алмасты. Оған Қытай мен Орталық Азия елдерінен келген жастар мен оқытушылар қатысты.
Аяна Турдиеваның айтуынша, бағдарлама аясында қатысушылар Шыңжаң ғылым және технология музейіне, жоғары технологиялық кәсіпорындарға барып, жаратылыстану ғылымдары бойынша практикалық сабақтарға, ұшу симуляциясына және басқа да оқу курстарына қатысты.
«Жасанды интеллект, геологиялық барлау, авиация және ғарыш салаларындағы ғылыми-техникалық жетістіктермен таныстық. Елге оралған соң алған әсерлерім мен көргендерімді отбасыммен және сыныптастарыммен бөлісемін. Болашақта Қытайға қайта келуге мүмкіндік болады деп үміттенемін», — деді ол.
Өзбекстандық мұғалім Сардор Улишов іс-шараның негізгі бағыттары ғылым мен технология арқылы жаңа мүмкіндіктерді зерттеу, мәдени байланыстарды дамыту және жастардың өзара қарым-қатынасын кеңейту болғанын атап өтті.
Оның сөзінше, бағдарлама теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе мен интерактивті сабақтарға негізделіп, Қытай және Орталық Азия жастары арасында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген.
Қазақстандық студент Сұлтан Урият Қытайға алғаш рет келгенін айтты. Оның айтуынша, бағдарлама барысында қатысушылар Шыңжаңның ғылымы мен технологиясының дамуы, қалалардың ерекшелігі және аймақтың мәдениетімен танысқан.
«Біз жергілікті жастармен бірге түрлі орындарға барып, білім алып, сөйлесіп, бірлескен іс-шараларға қатыстық. Бұл бізді жақындастырып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді», — деді Сұлтан Урият.
Ол Шыңжаңнан әлі кетпей жатып, келесі сапарын жоспарлап жүргенін жеткізді.
Келесі материал: Жасыл технологиядан университеттегі кездесуге дейін: Орталық Азия өкілдері заманауи Цинхаймен танысты
