Алматы мен Шанхай ерекше қажеттілігі бар азаматтарға медициналық және әлеуметтік оңалту, жұмыспен қамту және жан-жақты қолдау көрсету бағыттарында тәжірибе алмасуды күшейтпек деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Осы мақсатта Алматыға Шанхайдың «Янчжи» оңалту ауруханасы, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу орталығы және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының өкілдері келді.
Жұмыс сапары барысында делегация №4 қалалық клиникалық аурухана жанындағы Өңірлік травматология және ортопедия орталығына барып, тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттары бар науқастарға медициналық көмек көрсету және оңалту тәсілдерімен танысты.
Келесі нысан «Мейірім» оңалту орталығы болды. Мұнда делегация балалар мен олардың отбасыларына кешенді оңалту қызметтерін көрсету және күнделікті өмірде қолдау көрсету тәжірибесін көрді.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – жұмыспен қамту. Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығында қонақтарға кәсіби бағдар беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және азаматтарды қолдау тетіктері таныстырылды. Кездесуде адамның жұмыс орнына бейімделуіне көмектесетін Job Coach тәсілі де таныстырылды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша медициналық-әлеуметтік мекемелердің, Ерте араласу орталығының, қоғамдық бірлестіктер мен Алматының сарапшылық қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеуге келісті. Құжат тәжірибе алмасуды дамытуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және әлеуметтік оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталмақ.
Сонымен қатар Алматыдағы медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметкерлерінің Шанхайдағы «Янчжи» оңалту ауруханасында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Бірлескен семинарлар мен практикалық оқыту бағдарламаларын өткізу де көзделген.
Ынтымақтастық аясында оңалтудың заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізу, мамандардың кәсіби тәжірибесін арттыру және мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту жоспарланып отыр.
Келесі материал: Қытайлық компания мал азығын ұсақтайтын жаңа техниканы таныстырды
