Сеулде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының бес мемлекет және қоғам қайраткеріне II дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы марапаттау рәсімінде Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің жыл санап нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында саяси диалог қалыптасып, сауда-экономикалық, технологиялық және мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңейіп келеді.

Президент Кореяның Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін атап, екі елдің бірлескен жобалары машина жасау, энергетика, металлургия және озық технологиялар салаларын қамтитынын айтты.
«Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді».
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы байланысты дамытуда Қазақстандағы корей қауымдастығының да үлесі зор екенін жеткізді. Қазір елімізде жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады. Қазақстанда корей мәдени орталықтары, Алматыдағы академиялық корей театры, корей тіліндегі газет пен радиобағдарламалар жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы марапатты Қазақстанның корей халқына деген құрметінің белгісі ретінде бағалады.

«Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі».
II дәрежелі «Достық» орденімен Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн, Хангук шет тілдері университетінің профессоры әрі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун және Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп марапатталды.
Келесі материал: Әзербайжан Париждегі халықаралық гастрономиялық ауылда ұлттық асханасын таныстырды
Посмотреть эту публикацию в Instagram
