Алматыдағы Almaty Museum of Arts (ALMA) алғашқы жұмыс жылын қорытындылап, бір жылдығын көрермендерімен бірге атап өтті. 12 қыркүйекте музейде мерекелік бағдарлама өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына өнер туындыларын тамашалап қана қоймай, шығармашылық үдеріске араласуға мүмкіндік берілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бір жыл бұрын Алматының мәдени картасында жаңа кеңістік пайда болды. Содан бері Almaty Museum of Arts қала тұрғындары өнерді тамашалайтын орын ғана емес, жаңа идеялар тоғысатын мекенге айналды. Алғашқы жылында музейге 460 мыңнан астам адам келген.
Келушілердің басым бөлігін ересектер құрайды – 56,5%. Балалар, мектеп оқушылары, студенттер мен жастардың үлесі 36%-ға жетсе, жеңілдікпен кіретін қонақтар 7,5%-ды құраған.

Музей негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, ALMA-ның мақсаты – тек көрме өтетін ғимарат тұрғызу емес, қаланың мәдени тынысына әсер ететін ашық кеңістік қалыптастыру.
«Almaty Museum of Arts-ты құра отырып, біз жай ғана көрме өтетін ғимарат емес, қаланың тыныс-тіршілігін өзгертіп, жаңа мәдени бағдарлар қалыптастыра алатын тірі организм жасауды мақсат еттік», – дейді Нұрлан Смағұлов.
Музейдің бір жылдығы қала тұрғындарымен бірге өтті
12 қыркүйекте ALMA өзінің алғашқы туған күнін келушілерімен бірге атап өтті. Мерейтой күні музейдің бас серіктесі Halyk Bank қолдауымен барлық қонаққа кіру тегін болды.
Мұнымен қатар әр келушіге 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға болатын ашық даталы тағы бір билет сыйға берілді.

Мерекелік күн музейдің әдеттегі тынысын да өзгертті. Ғимарат алдына жиналған ұзын-сонар кезек оның бір жыл ішінде қала өміріне қаншалықты еніп үлгергенін аңғартқандай. Кезек біртіндеп жылжып отырды, ал балаларымен келген ата-аналар мен зейнет жасындағы қонақтарға кезектен тыс кіру мүмкіндігі берілді.
Музей ішіндегі мерекелік бағдарлама да әртүрлі жастағы көрерменге арналды. Roksonaki тобы өнер көрсетіп, «Қызыл трактор» арт-тобы перформанстар ұсынды. Ал шеберханада келушілер өз қолымен шығармашылық жұмыс жасап, өнермен тікелей байланыс орната алды.

Өнердің уақытпен тілдескен кеңістігі

ALMA экспозициялары бір ғана кезеңнің немесе бір ғана өнер бағытының шеңберіне сыймайды. Мұнда өткеннің ізі мен бүгіннің ізденісі бір кеңістікте кездеседі.
Соның бірі – бейнеөнердің әлемдік пионері Билл Виоланың «Уақыт кеңістігі» атты жеке көрмесі. Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды экспозицияда суретшінің 1977–2013 жылдар аралығында жасаған 18 негізгі туындысы ұсынылған.
Көрмені Билл Виоланың өмірлік серігі әрі Bill Viola Studio директоры Кира Перов кураторлық еткен.
Экспозицияның алғашқы жұмыстарында электронды-сәулелік теледидарлар қолданылса, кейінгі туындыларда бейне кеңістіктің өзіне айналады. Монументалды проекциялар көрерменді экранның ар жағында қалдырмай, шығарманың ішкі әлеміне жақындатады.
«Мүсіндер»: өткен мен бүгіннің арасындағы көпір

«Мүсіндер» экспозициясы Қазақстандағы пластикалық өнердің 1950 жылдардан бүгінге дейінгі жетпіс жылдан астам тарихын қамтиды.
Бұл көрме уақыттың бірнеше қабатын бір кеңістікке жинағандай. Бір жағында Сақ және Түркі дәуірлерінен жеткен тас балбалдар мен ағаш оймалар тұрса, екінші жағында бүгінгі суретшілердің дәстүрлі бейнелерді жаңа материалдар арқылы қайта пайымдаған еңбектері орналасқан.
Мұнда автомобиль шиналарынан жасалған «балбалдар», жасыл шыны бөлшектерінен құрастырылған антропоморфты фигуралар, металл қалдықтарынан жасалған монументалды жұмыстар бар.

Бір қарағанда, материалдар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бірақ олардың арасындағы ортақ желі – адамның, қоғамның және уақыттың ізін сақтау. Осы тұрғыдан алғанда, экспозиция Қазақстан мүсін өнерінің өткенін бүгінмен жалғайтын көпір іспетті.
Дене, металл және ұмыт қалған тарих

«Дене және қоғам: Қабылдау мен қарсы шығу» секциясында адам денесі жеке тәжірибе мен әлеуметтік-мәдени үдерістер түйісетін кеңістік ретінде қарастырылады.
Аида Әділбектің созылыңқы металл шегелерден тұратын мүсіндері қазақ мифологиясындағы Жезтырнақ бейнесін еске түсіреді. Қатты металл пішіндерінің арасынан аңыз кейіпкерінің сұлбасы ғана емес, Қазақстандағы пайдалы қазбаларды өндіру тарихына қатысты ой да бой көрсетеді.
«Шығыс – Батыс»: музыка үнсіз қалған сәтте

Молдақұл Нарымбетовтің «Шығыс – Батыс» инсталляциясы музейдегі ерекше жұмыстардың бірі.
Жоғалған арт-объект негізінде Саид Атабек пен Арыстанбек Шалбаев қайта жаңғыртқан туындыда рояльдің ішкі механизмі әдейі ашық қалдырылған.
Бұл жерде рояль өзінің үйреншікті қызметінен ажырап, музыкалық аспаптан өнер нысанына айналады. Оның ішкі құрылысы көзге көрінген сәтте, музыкаға дейінгі үнсіздік те байқалатындай.

Рояль, ағаш, бұқа терісі мен матадан құралған композицияда шығыстық бақсылық сарындары мен батыстың классикалық музыка дәстүрі тоғысады. Бір қарағанда алшақ тұрған екі мәдени кеңістік бір туындының ішінде тіл табысқан.
Көрерменнің музейге қалдырған ыстық естелігі
Мерейтой күні музей шеберханасы ерекше қарбаласқа толды. Мұнда келушілер көрген туындысынан алған әсерін сурет арқылы жеткізіп, өз тілектері мен ойларын қалдырды.

Балалардың аңғал армандары, шетелдік қонақтардың пікірлері, өнер сүйер қауымның шағын жұмыстары – музейдің алғашқы жылына сырттай баға беретін дерек қана емес, осы кеңістіктің адаммен байланысын көрсететін шағын шежіре.
Біреу ұнаған инсталляциясын қағазға түсірді. Біреу Alma — ның келесі туған күніне деген жоспарымен бөлісті. Осылайша музей қабырғаларында суреттер мен тілектерден құралған көрінбейтін бір естелік қалыптасты.

Almaty Museum of Arts-тың алғашқы жылы осындай көрермендермен бірге қалыптасты. 460 мыңнан астам адамның келуі – музейге деген қызығушылықтың сандық көрсеткіші болса, шеберханада қалған суреттер мен тілектер оның адамдық өлшемін көрсетеді.

Музейдің бір жылы – тек атқарылған іс-шаралар мен көрмелердің тізімі емес. Бұл – өнер мен көрерменнің бір-біріне алғаш рет үйренісе бастаған уақыты. Бір жыл ішінде ALMA Алматының мәдени кеңістігіне өз үнін қосты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: Тирасия: Санторинидің көлеңкесінде қалған құпия арал
