Грекиядағы Санторини жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. Алайда оның дәл іргесінде орналасқан, сол жанартаулық кальдераны бөлісетін шағын Теразия аралы саяхатшылардың басым бөлігі үшін әлі де беймәлім күйінде қалып отыр.
National Geographic Traveller басылымының жазуы бойфнша, Тирасия — Эгей теңізінің қара жанартаулық жыныстарынан құралған, ұзындығы шамамен 8,9 шақырым, ені 2,4 шақырым болатын шағын арал. Мұнда тұрақты түрде небәрі 168 адам тұрады. Санториниден аралға қайықпен шамамен он минутта жетуге болады.
Аралдың ерекшелігі — оның тыныштығы мен табиғи қалпы. Санторинидегі ақ үйлер мен туристерге толы көшелерден алыста Теразияда көне шіркеулер, үңгір үйлер, жүзімдіктер мен адам аяғы сирек басатын соқпақтар сақталған.
23 шіркеу орналасқан шағын арал

Тирасияның көлемі шағын болғанымен, мұнда 23 шіркеу бар. Олардың арасында 1867 жылы салынған Санта-Ирини шіркеуі ерекше орын алады. Аңыз бойынша, теңізшілер алыстан оның ақ қабырғаларын көргенде, сапардан аман-есен оралғанын білдіріп, «Санта-Ирини!» деп қуаныштарын білдірген.
Аралдың ең көрнекті орындарының бірі — Трипити мүйісінің шетінде орналасқан Кимисис монастыры. Оның көк күмбезі Санторинидің сәулетімен үндесіп, жанартаулық жартастардың үстінде ерекше көрініс қалыптастырады.
Тирасияның негізгі елді мекені — Манолас. Оған жету үшін 280 тас баспалдақты еңсеру керек. Ауылдың биікте орналасуы кездейсоқ емес. Бұрын тұрғындар елді мекендерді теңізден келетін қарақшылардан қорғау үшін осындай биік жерлерге салған.
Бүгінде Маноластың ақ үйлері, тар көшелері мен үңгірге ойылған баспаналары аралдың тарихи келбетін сақтап тұр.
Жанартаулық топырақтағы ерекше шарап

Тирасия Санторинимен тек географиясы және тарихымен ғана емес, шарап дәстүрімен де байланысты.
Аралдағы Mikra Thira шарап зауыты жергілікті жанартаулық топырақта өсірілетін жүзімнен шарап өндіреді. Жүзім бұталары Эгей теңізіне тән қатты солтүстік желдерден қорғану үшін жерге жақын орналасқан дәстүрлі себет тәрізді пішінде өсіріледі.
Шарап зауытында келушілер жүзімдіктерді аралап, өндіріс барысымен танысып, ассиртико жүзімінен жасалған бірнеше сусынның дәмін тата алады.
Аралды жаяу немесе велосипедпен аралау да танымал бола бастаған. Автокөлік қозғалысының аздығы, шағын аумақ және теңізге қарай ашылатын көріністер Теразияны белсенді демалыс үшін қолайлы бағытқа айналдырады.
Тасталған ауылдың тарихы

Тирасияның тағы бір қызықты нүктесі — Агрилияның қараусыз қалған ауылы.
Бір кездері мұнда 700-ге жуық адам өмір сүрген. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығымен айналысып, өнімдерін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жұмыс істеген қызанақ пастасы зауыттарына жеткізген.
Кейін өндірістің тоқтауы мен 1956 жылғы жойқын жер сілкінісі елді мекеннің біртіндеп қаңырап қалуына себеп болды.
Бүгінде үңгірге орналасқан көне үйлер мен тар соқпақтар аралдың өткенінен сыр шертеді. Жол бойынан миной, венециялық және осман дәуірлеріне тиесілі тарихи іздерді де кездестіруге болады.
Тирасияда бір кездері Суэц каналын салуға пайдаланылған пемза өндірілген шахталар да болған. Аралдың тағы бір ерекше нысаны — жергілікті тұрғындар «Мексика шіркеуі» деп атайтын, сары және шабдалы түсті қабырғаларымен ерекшеленетін Құдай Ана шіркеуі.
Туризм енді ғана жанданып келеді

Ұзақ уақыт бойы Тирасияға бару туристер үшін оңай болмаған. Санториниден небәрі бірнеше минуттық жерде орналасса да, аралға қатынайтын кемелердің тұрақты кестесі болмаған.
Соңғы жылдары жағдай өзгере бастады. Аралда жаңа туристік нысандар ашылып, көлік пен қызмет көрсету инфрақұрылымы жақсарды.
2024 жылы Santa Irini Retreat бутик-отелі жұмысын бастады. Отель дәстүрлі киклад сәулетін заманауи жайлылықпен үйлестіреді. Оның орналасқан жері де туристерге аралдың табиғатын асықпай тамашалауға мүмкіндік береді.
Дегенмен Тирасияның басты ерекшелігі — жаппай туризмнен алыс болуында.
Санториниге келетін саяхатшылардың көпшілігі көршілес аралға бір күндік сапармен ғана барып қайтады. Ал Тирасияда бірнеше сағат аялдап қана қоймай, оның тарихын, табиғатын және жергілікті өмірін асықпай сезінуге болады.
Бұл аралдың тартымдылығы да осында. Ол туристерге танымал курорттың тағы бір көшірмесін емес, Эгей теңізіндегі баяу өмір ырғағын, жанартаулық табиғатты және ғасырлар бойы қалыптасқан жергілікті мәдениетті ұсынады.
Келесі материал: TANK 700: Премиум сегменттегі қытайлық жол талғамайтын көлік несімен ерекшеленеді?
