Анкарада қазақтың көрнекті әншісі, домбырашысы, композиторы әрі актері Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына орай еске алу кеші өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдардың өкілдері және шығармашылық зиялы қауым қатысты.

Кеш барысында Манарбек Ержановтың өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылып, оның қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі кеңінен дәріптелді. Сондай-ақ өнер қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді.
Концерттік бағдарламада Қарағандыдан келген «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі қазақтың дәстүрлі музыкалық шығармаларын орындады. Сонымен қатар Сержан Мұсайын, Нұрлытаң Саятқызы және Гүлмира Тапай өнер көрсетті.

Ақын әрі жазушы Серік Ақсұңқарұлы «Манарбек Ержановтың дәуірі туралы баллада» атты туындысын оқыды.
Іс-шараны Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

