Астанада VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшылар мен бапкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманы жарыстағы жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Президент Қазақстан құрамасының жалпы есепте бірінші орын алғанын атап өтті. Оның айтуынша, спортшылар Бішкекте өткен дүбірлі додада 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жүлде иеленген.
«Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындарының маңызы тек спорттық нәтижемен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, жарыс халықтар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтып, ұлттық мәдениет пен дәстүрді әлемге танытуға мүмкіндік беретінін сөз ете отырпы, ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Қазір Қазақстанда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша жыл сайын мыңнан астам жарыс ұйымдастырылады.
Президенттің сөзінше, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Сондай-ақ Астанада Ұлттық спорт университеті ашылып, ұлттық спорт саласына кәсіби мамандар даярлау жұмысы қолға алынған.

Соңғы жылдары елімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Кейінгі жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынған немесе жаңғыртылған.
Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы жоғары жетістіктері және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.
Өз сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.
Келесі материал: GWM Қазақстандағы өндірісін кеңейтуде«Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік», – деді Мемлекет басшысы.
