VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медальдық есебіне қатысты дау шешілді. Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов қайта есептеу нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов әлеуметтік желідегі парақшасында Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өтіп, спортшылар арасындағы бәсекелестік алаңнан тыс қарым-қатынасқа әсер етпеген. Алагөзов әсіресе көкпар мен жамбы ату секілді жарыстарда қазақ және қырғыз спортшыларының тартысты өнер көрсеткенін атап өтті. Оның сөзінше, екі елдің спортшылары мен жанкүйерлері арасында елеулі түсініспеушілік болмаған.
Даулы мәселе медальдарды командалық есепте есептеу кезінде туындаған.
«Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орын Қазақстанға берілді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз», – деп жазды Алагозов.
Ол Қырғызстан құрамасының да ойындарда жоғары нәтиже көрсетіп, спортшылардың өз шеберлігін танытқанын айтты.
Сонымен бірге Алагозов медальдық есеп спорттағы жетістіктің бір ғана көрсеткіші екенін атап өтті. Оның пікірінше, ойындардың басты нәтижесі – жарыстардың өзара құрмет пен адал бәсекелестік жағдайында өтуі.
Медаль есебіне қатысты дау қалай басталды?
Бұған дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдық есебіне қатысты дау туған еді. Ұйымдастырушылар жариялаған алғашқы нұсқада Қазақстан құрамасының алтын медаль саны Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұсынған мәліметтен 3 алтынға аз көрсетілген.

Осы есеп бойынша Қырғызстан бірінші орынға шыққан болатын.
Кейін ұйымдастырушылар бұл жарияланымды өшіріп, медальдық есептің түпкілікті нұсқасы әлі бекітілмегенін мәлімдеді. Бұған хаттамалық ақпараттарды жинау және нақтылау жұмыстары жалғасып жатқаны себеп болған.
Ал Қырғызстанның спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі кейін Көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін айтқан.
Бұл мәлімдемелер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жарыстың медальдарын есептеу тәртібіне қатысты сұрақтар көбейді.


Енді ұйымдастыру комитетінің жаңа шешімінен кейін Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Осылайша, медаль санына қатысты пікірталас Қазақстанның көшбасшылығын қайта бекітумен аяқталды. Бұл жағдай Көшпенділер ойындарында медальдарды есептеу мен қорытынды нәтижелерді жариялау тәртібін нақты әрі ашық жүргізудің маңызын көрсетті.

