Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бастама Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында іске асуда. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында қолжетімді. Қазіргі таңда жоба 770-тен астам вагонды қамтып отыр. Ал қыркүйек айының соңына дейін спутниктік интернетті 50 бағыттағы 124 пойыз құрамына, яғни 1 235 вагонға енгізу жоспарланған.
Жоба аясындағы алғашқы сынақ жұмыстары 2025 жылы төмен орбиталы OneWeb және Starlink спутниктік жүйелерін пайдалану арқылы жүргізілді. Сол кезде технология Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында сынақтан өтті. 2026 жылдан бастап жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне көшті.
Қазір спутниктік интернет жолаушылар ағыны жоғары бірқатар бағыттарда жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, интернетке Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында қосылуға болады.
Спутниктік интернеттің іске қосылуы пойыздардағы қызмет көрсету сапасын жақсартып, жолаушылардың сапар кезіндегі жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл технология теміржол құрамдарында заманауи цифрлық орта қалыптастыруға жағдай жасайды.
Енді жолаушылар жол бойындағы уақытын интернетті пайдалануға да жұмсай алады. Сапар барысында жақындарымен байланысуға, жұмыс мәселелерін шешуге, онлайн оқуға, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдалануға, сондай-ақ басқа да қажетті интернет сервистеріне кіруге мүмкіндік бар.
Спутниктік байланыс арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктік технологияның артықшылығы – теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік беруі. Мұндай аумақтарда дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту мүмкіндігі шектеулі.
Жолаушыларға интернетті пайдалануға арналған тегін базалық пакет те ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар жіберу және қабылдау үшін қосымша ақы алынбайды. Ал интернеттің басқа сервистерін кең көлемде пайдаланғысы келетін және көбірек трафик қажет ететін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер қолжетімді.
Спутниктік интернетті пойыздарға енгізу алдағы уақытта мультимедиялық, ақпараттық және басқа да цифрлық сервистерді дамытуға қажетті технологиялық негіз қалыптастырады.
Келесі материал: Қазақстан мен Қытайдың бірлескен фармацевтикалық жобасы: «Kelun-Kazpharm» зауыты қалай жұмыс істейді?
