Оқу-ағарту министрлігі 12 жылдық мектеп білімінің мазмұнын 11 сынып аясында жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады. Күні кеше министр Жұлдыз Сүлейменова осы мақсатта қолданыстағы бағдарламаларды зерделейтін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Атап айтқанда, ведомство министрдің мәліметінше, түлектерінің 88%-ы мектепті 18 жасында аяқтайтын НЗМ моделін талдап жатыр.
Осылайша, түлектердің жасы туралы пікірталас практикалық мәселеге ауысып отыр: бағдарлама мазмұнын сақтап әрі балаға түсетін жүктемені арттырмай, бір оқу жылын қысқартуға бола ма?
12 жылдық модельден 11 жылдық модельге көшу мәселесіне қатысты пікір білдірген Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы шақырылған сарапшысы Жазира Асанова бұған дейін дәл осы мәселеге назар аударған еді. Оқу-ағарту министрлігінің жаңа мәлімдемелеріне байланысты оның ұстанымын және шешім қабылдауда ескеру маңызды негізгі критерийлерді еске саламыз.
«Мектепті 17 жаста аяқтаған дұрыс па, әлде 18 жаста ма деген сұрақ мәселені тым жеңілдетіп көрсетеді. Баланың соңғы оқу жылында нақты нені оқитынын, алдыңғы сыныптарға қандай жүктеме түсетінін және мектепте оқу ұзақтығы келесі білім беру сатысына – университетке қалай әсер ететінін түсіну қажет», – дейді Жазира Асанова.
Қазақстанда екі білім беру траекториясы да бар. Жалпы білім беретін мектептердің басым бөлігі 11 жылдық модель бойынша жұмыс істейді, ал НЗМ-де 11 және 12-сыныптар іс жүзінде жеке екі жылдық жоғары мектепті құрайды. Бұл кезеңде бейіндік даярлық күшейтіліп, жобалық және зерттеу жұмыстары, сыртқы бағалау қарастырылған.
Жекелеген жекеменшік және халықаралық мектептер де IB Diploma және A-Level бағдарламаларын қоса алғанда, жоғары мектептің екі жылдық бағдарламаларын ұсынады. Сондықтан модельдерді тек түлектің жасына қарай салыстыру дұрыс емес.
«11 жылдық жүйенің айқын артықшылығы бар: бала аттестатты ертерек алып, білім берудің келесі сатысына жылдамырақ өте алады. Егер қажетті дайындықтың барлық көлемін шамадан тыс жүктемесіз және кейін қосымша білім алуды қажет етпей, 11 жылға шынымен сыйғызуға болса, қосымша бір жыл қажет емес.
Бірақ 12-сыныптың мазмұнын алдыңғы оқу жылдарына бөліп берсек, оқушыларға түсетін жүктеме қаншалықты артады? Ал егер бағдарламаның бір бөлігі университетке ауыстырылса немесе түлекке мектептен кейін қосымша дайындық қажет болса, іс жүзінде бір жылды үнемдеу мүмкін болмауы ықтимал», – деп түсіндіреді Жазира Асанова.
Сондықтан комиссия тек оқу бағдарламаларының мазмұнын емес, 11 және 12 жылдық мектеп түлектерінің нәтижелерін, оқу жүктемесінің қарқындылығын, бейіндік даярлық деңгейін және олардың жоғары оқу орындарындағы кейінгі үлгерімін де салыстыруы керек.
Мектеп пен университет арасындағы сабақтастық та жеке талдауды қажет етеді. Қазір Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындары НЗМ түлектерінің оқу нәтижелерін мойындайды: жекелеген пәндер қайта есептелуі мүмкін, ал кейбір бағдарламаларда белгіленген талаптар орындалса, қысқартылған білім беру траекториялары қарастырылған.
«“11 жыл 12 жылдан жақсы, өйткені бала бір жыл үнемдейді” деген формула сол бір жыл бүкіл білім беру траекториясынан шынымен алынып тасталған жағдайда ғана жұмыс істейді. Егер мектептен кейін Foundation қажет болса немесе университетке жоғары сыныптарда меңгеруге болатын материалды оқытуға тура келсе, біз оқу мерзімін қысқартпаймыз, оны келесі деңгейге ауыстырамыз», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар Жазира Асанованың айтуынша, 12 жылдық модельді де автоматты түрде сапалырақ деп санауға болмайды.
«Қосымша бір жылдың мазмұндық тұрғыдан негіздемесі болуы керек. Егер 12-сынып бұрын өтілген материалды қайталаса немесе түбегейлі жаңа құзыреттер бермесе, оны тек оқу мерзімі үшін сақтап қалуға негіз жоқ. Екі жылдық жоғары мектептің мәні оқушыға жалпы пәндер жиынтығынан тереңдетілген бейіндік даярлыққа өтуге мүмкіндік беріп, оны білім берудің келесі деңгейіне дайындаған кезде пайда болады».
Тағы бір маңызды мәселе – білімге қолжетімділіктегі теңдік. Мемлекеттік жүйе 11 жылдық оқуды сақтап қалған күннің өзінде, жекеменшік және халықаралық мектептер 12 және 13 жылдық бағдарламаларды ұсынуды жалғастыра алады. Сондықтан толыққанды екі жылдық жоғары мектеп негізінен жекеменшік білім алуға мүмкіндігі бар отбасылардың артықшылығына айналып кетпей ме деген мәселені де ескеру маңызды.
Келесі материал: Алматыда Қала күні: 19-20 қыркүйекте өтетін негізгі іс-шаралар
