Оқу жылы басталған сәтте Қазақстанда түйіні шешілмеген «қыркүйек» сөзінің дауы қайта басталды. Әсіресе әлеуметтік желіде бұл тақырып қызу талқыға түсті. Өз кезегінде бұл сауалға қатысты ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікірін білдірді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Үкімет отырысында жылдың тоғызыншы айының атауын «қыркүйек» деп жазу қажет пе, әлде «қыргүйек» нұсқасы дұрыс па? Неліктен «к» «г»-ге ауысып кетті, қандай қажеттілік туындады деген сауал қойылды.
Министр жауабында бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайтынын айтты. Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірталастан кейін бұл сұрақтың жауабы оны да қызықтырған. Оның пікірінше, «қыркүйек» деп те, «қыргүйек» деп те жазуды қате деп айтуға болмайды.
«Бірақ мен өзім «к» әрпін қолданып, «қыркүйек» деп жазамын. Бізді оқытқан кездегі тәртіп, грамматика солай болды. Менің ойымша, «қыркүйек» деп жазуда да, «қыргүйек» деп жазуда да дұрыс. Бұл сұрақтың нүктесін ғалымдар қоюы керек деп санаймын», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл мәселенің қайта көтерілуіне не түрткі болды?
Биылғы оқу жылы басталғалы ата-аналар әлеуметтік желіде «қыркүйек» сөзі қашаннан бері «қыргүйекке» ауысып кеткен деген сұрақпен жазбалар жариялай бастады.



Кейіннен бұл сұрақ көпшіліктің қызу талқысына түсіп, «шегара» және «көгөніс» сөздері де емлеге қатысты сұрақты толықтыра түсті. Бұл ретте филологтар да, мұғалімдер де өз пікірін білдірді. Олар мектеп қабырғасында, ЖОО-да «қыркүйек» деп білім алғандарын айтып, «қыргүйек» деген өзгеріспен келіспейтіндерін жеткізді.



Сонымен қатар тіл мамандары емлеге келгенде артық кетіп, қажетсіз ережелерді ойлап табады дегендер де болды.

Қолына қалам ұстағалы «қыркүйек» деп жазып үйренгендердің арасынан:
«Қырда күйек басталуынан туындаған ай аты» деп үлкендерден естіп өскен едік.
Енді «к»-ның «г»-ға алмасуы бір кісілердің авторлық туындысы болып тарихта қалғысы келген шығар…
Келешек ұрпақты шатастырмай, ана тілі аманатын қолдарына тапсырсақ болар еді…», деген қызық ойларын ортаға салғандар да табылды.
Тіл саясаты комитеті мен филологтар не дейді?
Мектепте «қыркүйек» сөзін қате, дұрысы «қыргүйек» деп үйреткенімен, мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері «қыркүйек» деп жазатын болса, оқушы үшін үлкен қарама-қайшылық болады. Бұл қарама-қайшылықтың шешімін білу үшін Tengrinews.kz басылымы Тіл саясаты комитетіне жүгінген. Комитет орфографиялық сөздікке сәйкес, «қыргүйек» деген нұсқаны дұрыс деп мәлімдеген.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сәйкес, «сентябрь» сөзі қазақ тіліне «қыргүйек» деп аударылады», – деп жауап берген Тіл саясаты комитеті.
Тіл саясаты комитетінің жауабынан бөлек, филологтардың берген ақпараты дәл осы жауап нұсқасын дұрыс деп таныған.
Ғылыми контент авторы qazaqbubble филолог-зерттеуші Арын Құнанбайдың және Qazaq Grammar парақшасының жазбаларын талдай келе, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай қорытындымен бөліскен:
«Біріншіден, қыргүйек, көгөніс, шегара үшеуі қазақ тілінің емле дәстүріне қарсы емес, сай жазылған.»

«Qazaq Grammar» парақшасының пікірі бойынша:
«Орфоэпияны сақтау үшін «қыркүйек» сөзін «қыргүйек» деп ауыстыру керек. Дәл осы қисынға сүйенсек, орфоэпияны сақтау үшін бұдан да басқа талай сөздің жазылуын өзгертуге тура келеді».
Филолог Арын Құнанбайдың айтуынша:
«Қыркүйек, көкөніс, шекара сөздерінің кейінгі кезде «к» әрпімен жазылып жүргені кесірін тигізді. Осы «к» арқылы жазылудың салдарынан көпшілік бұл сөздерді орфоэпияға сай дұрыс айтудан қалып барады».

Автор өз постын жазба жүйесінің мінсіз бола алмайтынын айтып қорытындылаған.

Жылдар бойы жатталып келген ережені қате деп таныған реформаларға халықтың наразылық білдіруі — қалыпты жағдай. Бұл мәселеге қатысты қызу пікірталастың өрбуін де, қоғамның шатасуын да түсінуге болады. Себебі әр жылдары жарық көрген орфографиялық сөздіктерде бұл сөздің екі нұсқасы алма-кезек қолданылған.
2025 жылы жарияланған арнайы зерттеуде 1988 жылғы сөздікте «қыркүйек», 2001 және 2005 жылдары «қыргүйек», 2007 жылы қайтадан «қыркүйек», ал 2013 жылғы сөздікте тағы да «қыргүйек» нұсқасы берілгені көрсетілген.
Осылайша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқаларының қатар қолданылуы емле тарихындағы өзгерістермен байланысты екені байқалады. Ал қазіргі қолданыстағы нұсқаға қатысты нақты нүктені Тіл комитететінің жауабы қойған секілді.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: PISA 2025: Қазақстандық оқушылардың нәтижесі нені аңғартты?
