Astana Motors компаниясы Changan брендімен бірлесіп, Қазақстан нарығына жеті орындық жаңа Changan CS75 Pro кроссоверін шығаруды жоспарлап отыр.
Күштік қондырғысы
Changan CS75 Pro 181 ат күшіне ие, ең жоғары айналу моменті 280 Н·м болатын 1,5 литрлік бензинді турбо қозғалтқышпен жабдықталған. Қозғалтқыш ылғалды типтегі қос іліністі 7 сатылы робот беріліс қорабымен (7DCT) жұптастырылған.
Кроссовердің жетек түрі – алдыңғы (2WD). Автокөлік 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 8,4 секундта дейін үдейді. Жүргізушіге Eco, Normal және Sport қозғалыс режимдері ұсынылады.
Өлшемдері
Автокөліктің ұзындығы – 4748 мм, ені – 1870 мм, биіктігі – 1720 мм. Дөңгелек базасының ұзындығы – 2786 мм.
Экстерьері
Changan CS75 Pro моделінің алдыңғы бөлігі үлкен радиатор торымен, жарықдиодты оптикамен және LED күндізгі жүріс шамдарымен ерекшеленеді.
Кроссовер 19 дюймдік жеңіл қорытпалы дөңгелек дискілермен, рейлингтермен және электр жетегі арқылы ашылатын панорамалы шатырмен жабдықталған. Артқы шамдар жарықдиодты жолақ арқылы біріктірілген.

Интерьері және жайлылығы
Кроссовердің салоны жеті адамға арналған және эко былғарымен қапталған. Алдыңғы панельде цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиа дисплейі біріктірілген.
Климаттық жүйені басқару үшін дәстүрлі батырмалар сақталған. Сонымен қатар салонда әртүрлі сақтау бөлімдері мен көлемін өзгертуге болатын жүксалғыш кеңістігі қарастырылған.
Барлық жеті орын пайдаланылған кезде жүксалғыштың көлемі 110 литрді құрайды. Үшінші қатар жиналып, автокөлік бес орындық форматқа ауысқанда, жүксалғыш көлемі 650 литрге дейін ұлғаяды. Ал екінші және үшінші қатардағы орындар толық жиналған жағдайда жүксалғыштың ең жоғары көлемі 1481 литрге жетеді.
Жүргізуші орындығы алты бағытта электронды түрде реттеледі. Сондай-ақ жылытылатын көп функциялы руль, қашықтан басқарылатын және қысып қалудан қорғау жүйесі бар электр жетекті жүксалғыш есігі, жарық датчигі, электронды тұрақ тежегіші және Auto Hold функциясы қарастырылған.

Мультимедиа жүйесі
Автокөлік 12,3 дюймдік түрлі түсті сенсорлық дисплейі бар мультимедиа жүйесімен жабдықталған. Цифрлық аспаптар панелінің диагоналі – 10,25 дюйм.
Сондай-ақ сым арқылы Apple CarPlay және Android Auto жүйелеріне қосылу мүмкіндігі бар. Аудиожүйе алты динамиктен тұрады.
Жүргізушіге көмек көрсету жүйелері және қауіпсіздік
Changan CS75 Pro электронды қауіпсіздік жүйелерінің кең жиынтығымен жабдықталған. Олардың қатарында ABS және EBD, адаптивті круиз-бақылау (ACC), алдыңғы соқтығысу қаупі туралы ескерту жүйесі (FCW), арттан соқтығысу қаупі туралы ескерту жүйесі (REW), автокөліктерді анықтау функциясы бар автоматты шұғыл тежеу жүйесі (AEB), соқыр аймақтарды бақылау жүйесі (BSD) және жолақ ауыстыру ассистенті (LCA) бар.
Бұдан бөлек, кроссоверде 360° шолу камералары, шиналардағы қысымды бақылау жүйесі (TPMS) және кіріктірілген бейнетіркегіш қарастырылған.
Келесі материал: Қытаймен серіктестік Қазақстанда әуе такси индустриясын дамытуға жол ашады
