Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған дәріхана кешені және дәрілік препараттарды жабық герметикалық жағдайда дайындау жүйесі енгізілді. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Жаңа технология дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің негізгі кезеңдерін – препараттарды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды дайындау және пациенттерге беруге дейінгі процестерді автоматтандырады.
Жүйенің ерекшелігі – әр дәрі-дәрмектің цифрлық түрде бақылануы. Кодтардың көмегімен әр препаратқа жеке сәйкестендіру беріледі, ал онымен жасалған барлық әрекет жүйеде тіркеледі. Бұл мамандарға дәрінің дәріхана кешеніне түскен сәтінен бастап пациентке берілгенге дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді.

Онкологиялық қызмет үшін бұл әсіресе маңызды, өйткені дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің дәлдігі мен қауіпсіздігі емдеу сапасымен тікелей байланысты.
Қазіргі таңда Алматы онкологиялық орталығында 38 мыңнан астам пациент есепте тұр. Жыл сайын мұнда 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда емдеу бойынша көрсетілетін қызмет көлемі 2,5 есе өскен.
Сонымен қатар бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46 пайыздан 75 пайызға дейін артқан.
«Енді бұл нәтижелерге тағы бір технологиялық қадам қосылды: роботтандырылған жүйе адам факторын барынша азайтуға және дәрілік препараттардың қозғалысын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Іс жүзінде орталықта дәрінің цифрлық маршруты жасалып отыр, онда бірде-бір кезең бақылаусыз қалмайды», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Бұған дейін Алматы онкологиялық орталығында онкологиялық ауруларды емдеу кезінде қолданылатын препараттарды автоматты әрі дәл дайындауға арналған роботтандырылған жабдық орнатылған болатын.

Жүйе қажетті дозаны сақтауға, қателік қаупін азайтуға және дәрі-дәрмектерді дайындау процесін бақылауға мүмкіндік береді.
Орталықта роботтандырылған кешендерді енгізу пациенттердің қауіпсіздігін және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Келесі материал: Алматыда Төле би көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады
