Қытайда жасанды интеллект технологиясы қолданылып әзірленген инновациялық дәрі сатылымға шығаруға мақұлданды. Мпросевир деп аталатын препарат ересектердегі жеңіл және орташа ауырлықтағы COVID-19 ауруын емдеуге арналған деп хабарлайды SteppeNews.kz Global Times басылымына сілтеме жасап.
Қытайдың Вестлейк университеті хабарлағандай, препаратқа елдің Ұлттық медициналық өнімдер басқармасы (NMPA) шартты түрде сатылымға рұқсат берген. Дәріні Вестлейк университеті, оның зертханасы және Westlake Pharmaceutical компаниясы бірлесіп әзірлеген.
Препарат Қытайдағы «1-класс» инновациялық дәрілер санатына жатады. Бұл санатқа Қытайда да, шетелде де бұрын сатылмаған, жаңа химиялық құрылымы мен әсер ету механизмі бар және клиникалық маңызы жоғары дәрілер енгізіледі.
49 миллиард қосылыстың ішінен тоғыз кандидат таңдалды

Мпросевирдің ерекшелігі – оны әзірлеу барысында жасанды интеллект пен ДНҚ-кодталған кітапхана (DEL) технологиясының қатар қолданылуы.
Зерттеушілер дәріге үміткер молекулаларды іздеу үшін құрамында 49 миллиардқа дейін қосылыс бар DEL кітапханасын пайдаланған. Алғашқы іріктеу нәтижесінде 100-ден астам перспективалы кандидат анықталған.
Әдеттегі жағдайда мұндай көлемдегі молекулаларды жеке-жеке зерттеу көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Алайда зерттеушілер қолданған жасанды интеллект моделі бірнеше күн ішінде олардың санын тоғыз кандидатқа дейін қысқартқан.
Кейін осы тоғыз молекуланың биологиялық белсенділігі тексеріліп, оның алтауы жоғары нәтиже көрсеткен. Бұдан соң ғалымдар олардың уыттылығын, метаболизмін және дәрі жасауға қажетті басқа да көрсеткіштерін зерттеп, WLU6937 молекуласын негізгі кандидат ретінде таңдаған.
Дәріні әзірлеуге үш жарым жылдай уақыт кеткен
Зерттеу тобының мәліметінше, препаратты анықтаудан бастап клиникалық сынақтарды аяқтауға дейін шамамен үш жарым жыл қажет болған.
Келесі екі жылда ғалымдар WLU6937 молекуласын жан-жақты жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізген. Оның белсенділігін арттыру, фармакологиялық қасиеттерін жақсарту және уыттылығын төмендету бойынша зерттеулер жасалған.
Процесс зертханалық жасушалық сынақтардан бастап тышқандарға жүргізілген зерттеулерге, одан кейін клиникалық сынақтарға дейін жалғасқан. Бұл кезеңдерде де жасанды интеллект технологиясы қолданылған.
Зерттеушілердің пікірінше, Мпросевирдің әзірленуі жасанды интеллектіні дәрі жасау саласында пайдаланудың практикалық тұрғыдан мүмкін екенін көрсетеді.
Препараттың тағы бір ерекшелігі – ол ДНҚ-кодталған кітапхана технологиясы арқылы әзірленіп, сатылымға мақұлданған әлемдегі алғашқы шағын молекулалы инновациялық дәрі ретінде аталып отыр.
Келесі материал: Келінінен үйренген: садақ атудан чемпион атанған Аяш Қабдоллаева туралы не білеміз
