Аяш Қабдоллаева дәстүрлі садақ атумен 2024 жылдан бері ғана айналысады. Алайда аз уақыт ішінде шеберлігін шыңдап, халықаралық жарыстарда топ жарып, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Оның садақ атуға келуінің өзі ерекше. Спорттың қыр-сырын оған өз келіні әрі жаттықтырушысы Ажар Төлеуханова үйреткен, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Аяш Қабдоллаева дәстүрлі садақ атудан алтын медаль иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті жүлдені салды. Жеңіс жарияланған сәтте спортшы қуаныштан көз жасына ерік беріп, ерекше эмоциясын жасырмады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Садақ атуды келіні үйреткен
Аяш Қабдоллаева — Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Оның садақ атуға қызығушылығын оятқан — келіні Ажар Төлеуханова.
Ажардың өзі садақ атуды 2017 жылы Астанада өткен EXPO көрмесі кезінде этноауылдағы тирден алғаш көрген. Кейін 2018 жылы Астанада түркиялық садақшылар өткізген үш айлық курсқа қатысып, дәстүрлі садақ атудың техникасын меңгерген.
Сол кезден бастап қолынан садағын тастамаған Ажар кейін Шығыс Қазақстанға қоныс аударып, өңірде ұлттық спорттың осы түрін дамытуға кіріскен. Ол балаларға ғана емес, ата-енесіне де садақ атуды үйреткен.
Ажардың айтуынша, ол келін болып түскенде қайын жұртында садақ атумен айналысатын адам болмаған. Тіпті, өзімен бірге жасауының құрамында садақ пен оғын алып барған.
«Садақ ату 2022 жылы ғана ресми спорт түрі ретінде тіркеліп, федерациялар ашыла бастады. Үкімет қолдау көрсетті. Мен шығыс өңіріне келгенде бұл спорт түрі дамымаған еді. Оны дамытуға өзім кірістім», – деген Ажар.
Бүгінде оның бастамасымен Шығыс Қазақстанда дәстүрлі садақ ату спортының инфрақұрылымы қалыптасып, балалар мен жастарға арналған үйірмелер жұмыс істейді. Ажар Өскемендегі дәстүрлі садақ ату федерациясын да құрған.
Ене мен келін — бір құраманың спортшылары
Ажар Төлеуханова бүгінде Аяш Қабдоллаеваның жаттықтырушысы ғана емес, ұлттық құрамадағы командаласы.
Екеуі бұған дейін Қазақстан чемпионатының финалында бір-біріне қарсылас болған. Биыл Қарағандыда өткен ел біріншілігінде Ажар әйелдер арасында жеңімпаз атанса, «Орта Азия» нысанасы бойынша Аяш алтын, Ажар күміс медаль алған. Ажардың өзі Қазақстан чемпионатында енесіне финалда жол бергенін айтқан.

Олардың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ажар — 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері, Шымкентте өткен алғашқы әлем кубогінің жеңімпазы. Ал Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыста Аяш бірінші орын, Ажар үшінші орын иеленген.
Екеуі Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында тұрады және бір мекемеде жұмыс істейді. Сонымен қатар балалар шығармашылық үйінде қосымша білім беру бағытында сабақ береді.
30 жыл ұстаздық етіп, бір жылда спорт шеберіне жетті
Аяш Қабдоллаеваның негізгі кәсібі — педагогика. Ол білім беру саласында 30 жылға жуық еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген.
Ал садақ атумен айналыса бастағанына бір жылдан сәл ғана асқан. Соған қарамастан спортшы қысқа мерзім ішінде халықаралық деңгейдегі нәтижеге қол жеткізіп, спорт шебері атағын алған.
Енді оның қоржынына VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыны қосылды.
Ұлттық спортты отбасымен бірге дәріптеп жүр
Жоғарыда айтып өткендей, Ажар Төлеуханова ата — енесіне садақ атуды өзі үйреткен. Қазір Аяш Қабдоллаева халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, оның жұбайы спорт шеберіне үміткер.
Ажардың отбасы ұлттық спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Оның екі баласы да жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына бірге барып, садақ атудың қыр-сырын бала кезінен көріп өсіп келеді.
Осылайша, бір кездері келініне қызығушылықпен қарап, садақ атуды үйренген Аяш Қабдоллаева бүгінде сол келінімен бірге Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғап жүр.
Ажар Төлеуханованың енесі туралы және Шығыс Қазақстанда дәстүрлі садақ атуды дамыту жұмыстары жайлы берген сұхбатының толық нұсқасын Түркістан басылымынан оқуға болады: «Ажар Төлеуханова: Енем екеуміз – ұлттық құраманың спортшысымыз»
Келесі материал: Сиэтлде Өзбекстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды
