Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жылдам жүріп жатқан егін жинау науқанының барысы туралы хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, аграршылар дәнді дақылдар алқабының үштен бірінен астамын жинап, 7,7 млн тонна астық бастырған. Оның үстіне жаңа өнімнің басым бөлігі жоғары сапалы азық-түліктік бидайға жатады.
Сонымен қатар салаға салынатын қаражат көлемі де артып келеді. Бір жыл ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 1,5 еседен астам өсіп, 1,15 трлн теңгеге жетті. Бұл агросектордың инвестиция үшін барған сайын маңызды бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ мол өнім ел экономикасы үшін автоматты түрде көбірек пайда әкеле ме?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленованың пікірінше, ауыл шаруашылығына өсіп келе жатқан инвестициялар барынша жоғары экономикалық нәтиже беруі үшін саланы дамытудың келесі кезеңі өндіріс көлемін ұлғайтудан гөрі өнімділік пен қосылған құнды арттыруға бағытталуы тиіс.
«Қазақстанның қуатты шикізат базасы бар, алайда экономикалық құнның едәуір бөлігі бастапқы өңдеуден кейін қалыптасады. Сондықтан “астық өндіріп, сату” моделінен “шикізат өндіріп, оны өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығарып, содан кейін экспорттау” моделіне көшу саланың экономикасын айтарлықтай өзгерте алады», – дейді сарапшы.
Ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік қолдаудың тиімділігін оның қаншалықты қосымша өнім өндіруге, өнімділікті арттыруға, экспортты ұлғайтуға және салық түсімдерін көбейтуге ықпал ететіні бойынша бағалау қажет.
Тлеуленова ауыл шаруашылығының экономикалық қайтарымын арттырудың ең перспективалы бағыттарының бірі ретінде терең өңдеуді атайды.
«Астықты шикізат ретінде сатудың орнына Қазақстан одан қосылған құны әлдеқайда жоғары өнімдер: крахмал, глютен, аминқышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіре алады», – дейді ол.
Мұндай өңдеудің әлеуеті үйреншікті ұн мен жарма өндірісінен әлдеқайда кең. Kazakh Invest мәліметінше, астықтан 260-тан астам өнім түрін өндіруге болады, ал терең өңдеу жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Соның айқын мысалы – Қостанай облысындағы Qostanai Grain Industry жобасы. Кәсіпорын жылына шамамен 415 мың тонна астық өңдеуді жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 70 млрд теңгеге бағаланады.
Өңірлік биліктің бағалауынша, бір тонна кәдімгі ұнның құны шамамен 120–130 мың теңгені құраса, терең өңдеу өнімдерінің құны 350–541 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Шикізаттың бір бірлігіне шаққандағы өнімнің әлеуетті құны шамамен 2,7–4,5 есе жоғары болуы мүмкін. Әрине, бұл пайданың да автоматты түрде сонша есеге өсетінін білдірмейді: күрделі және операциялық шығындарды, энергияны, логистиканы және өткізу нарығын ескеру қажет. Бірақ терең өңдеудің экономикалық әлеуеті айқын», – деп түсіндіреді қаржыгер.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин келтірген бағалауға сәйкес, ұн мен кебек өндірген кезде алынатын өнімнің құны шамамен 113 мың теңгені құрайды. Глютен, крахмалы және кебек өндірілген жағдайда оның құны шамамен 150 мың теңгеге дейін өседі, ал глютен, крахмал, биоэтанол, кебек және барда алынатын неғұрлым терең өңдеу кезінде 264 мың теңгеге дейін жетеді.
Осылайша, тереңірек өңдеу кезінде алынған өнімнің құны астықты дәстүрлі түрде ұнға өңдеумен салыстырғанда шамамен 2,3 есе жоғары болуы мүмкін. Бұл жерде кәсіпорынның таза пайдасы емес, өндірілген өнімнің құны туралы сөз болып отыр: терең өңдеу жабдықтарға, технологияларға, энергияға, логистикаға және өткізуге қосымша шығындарды талап етеді.
«Екінші әсері – импортты алмастыру. Егер Қазақстан астық өндіргенімен, кейін одан алынатын жекелеген өнімдерді, мысалы, аминқышқылдарын немесе лизинді импорттаса, экономика әлеуетті қосылған құнның едәуір бөлігін ала алмай қалады.
Сондықтан терең өңдеу АӨК-тің негізінен шикізаттық моделінен индустриялық-аграрлық модельге көшудің құралдарының біріне айналуы мүмкін», – дейді Тлеуленова.
Сонымен қатар өңдеу қуаттарын арттырудың өзі экономикалық нәтижеге кепілдік бермейді. Сарапшының айтуынша, кәсіпорындарға сапалы шикізаттың тұрақты көлемі, инфрақұрылым, электр энергиясы, логистика және өткізу нарықтары қажет. Сондықтан тікелей өңдеуге салынатын инвестициялар ауыл шаруашылығын дамытумен қатар жүруі тиіс.
Мұндай тәсіл қазірдің өзінде жекелеген өңірлерде байқалады. Мысалы, Қостанай облысында 2027 жылға дейін 232 млрд теңгеге 96 аграрлық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның 17-сі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен тікелей байланысты.
Саида Тлеуленованың пікірінше, болашақта дәл экономикалық қайтарым АӨК дамуының тиімділігін бағалайтын негізгі өлшемдердің біріне айналуы тиіс.
«Қазақстанға гектар, тонна және инвестиция көлемін ғана емес, бір тонна шикізаттан қанша қосылған құн жасалатынын, импорттық өнімнің қанша бөлігі алмастырылатынын, қанша экспорттық түсім түсетінін және еңбек өнімділігінің қаншалықты өсетінін де есептеу қажет.
Сонда ғана АӨК-ті мемлекеттік қолдау фермерлердің шығындарын өтеу тетігі ретінде ғана емес, бүкіл экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған инвестиция ретінде жұмыс істейтін болады», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, астықты терең өңдеу, мал шаруашылығын дамыту, техниканы жаңарту және егіс алқаптарын әртараптандыруды жекелеген бағыттар ретінде емес, біртұтас өндірістік тізбектің элементтері ретінде қарастыру қажет: шикізат өндірісінің тиімділігін арттырудан бастап дайын өнім шығаруға және оны сыртқы нарықтарға шығаруға дейін.
«Бізге жаңа зауыттар ғана емес, агросекторды технологиялық жаңғырту, логистиканы және экспорттық арналарды дамыту, сондай-ақ терең өңдеу өнімдерінің импортына тәуелділікті азайту қажет. Дәл осындай тәсіл АӨК-ті негізінен шикізаттық сектордан Қазақстанның өнеркәсіптік және өңірлік дамуының драйверлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Саида Тлеуленова.
