Алматының Шұғыла шағынауданында №15 санаториялық үлгідегі мектеп-интернаттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Білім беру нысаны 340 оқушыға арналған деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа кешен балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға, спортпен айналысуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Мектептің ашылу рәсіміне Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мен Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова қатысты. Қонақтар білім ошағының тарихымен, оқу-тәрбие үдерісімен, материалдық-техникалық базасымен және жаңа ғимараттың мүмкіндіктерімен танысты.

Кешеннің жалпы аумағы 17 543 шаршы метрді құрайды. Мұнда заманауи құралдармен және интерактивті панельдермен жабдықталған 28 оқу кабинеті бар. Сонымен бірге информатика, цифрлық сауаттылық, робототехника, химия, физика және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
Оқушылардың спортпен айналысуына да қажетті жағдай жасалған. Мектепте спорт залы, бассейн және стадион қарастырылған. Экскурсия барысында оқушылар қонақтарға өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетті.

Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова қатысты. Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруға шақырды.
Мерекелік бағдарлама шығармашылық қойылымдармен жалғасты. Акт залында оқушылар «Ыбырай жаққан білім шырағы» атты сахналық қойылымын көрсетті. Музыка және би үйірмелерінің тәрбиеленушілері де концерттік бағдарлама ұсынды.

Жаңа кешенде шығармашылық шеберханалар, 220 орындық акт залы және амфитеатр бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және Face ID жүйелері орнатылған. Сонымен қатар мектепте заманауи асхана жұмыс істейді.
Ғимарат мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып толық бейімделген.
Жаңа оқу ғимаратының ашылуына орай мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтаған Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі қуанышты күн. №15 санаториялық үлгідегі мектеп-интернаттың жаңа ғимараты балаларға есігін айқара ашып, сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл оқушылар білім алып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, шығармашылық және спорттық қабілетін шыңдай алатын заманауи білім беру ортасы», – деді ол.
Оның айтуынша, мектеп жаңа оқу жылын заманауи инфрақұрылыммен және оқушылардың жайлы білім алуына қажетті жағдаймен бастап отыр. Ендігі міндет – жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әр баланың қабілетін дамытуға қолайлы орта қалыптастыру.
«Ұстаздар қауымына еңбегіне жеміс, ал оқушыларымызға сапалы білім, зор денсаулық және биік жетістіктер тілеймін», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары.
