Биыл күзде Санкт-Петербургтің театр өмірінде айтулы мәдени оқиға өтеді. Моңғолияның Мемлекеттік академиялық драма театрының труппасы аты аңызға айналған Александринский театрының сахнасына шығады. 17-Александрин халықаралық фестивалі аясында театр ұжымы «Сын Неба» тарихи драмасын көрермен назарына ұсынады. Бұл туралы SteppeNews.kz «Монголия сейчас» ақпараттық сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Спектакль 4 және 5 қазанда Санкт-Петербургтің қақ ортасында орналасқан Александринский театрында көрсетіледі. Қойылымда Ұлы Ғұн империясының негізін қалаушы Мөде Шаньюйдің өмірі баяндалады.
Бұл қойылымның Санкт-Петербургке келуіне өткен жылы Будапештте өткен МИТЕМ фестивалі себеп болған. Спектакль Александринский театрының бас директоры Александр Маличке ерекше әсер қалдырып, ол моңғолиялық әріптестерін Ресейге шақырған.
Театр басшылығының мәлімдеуінше, қойылым Санкт-Петербург көрермендері үшін маңызды мәдени оқиға ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланысты дамытуға мүмкіндік беретін жоба болмақ.

«Сын Неба» – тарихи оқиғаларды баяндаумен шектелмейтін, моңғол мемлекеттілігінің қалыптасуы мен ұлттық рухты зерттейтін драмалық туынды. Қойылымды өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Наранбаатар сахналаған. Пьеса авторы – белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б.Цогнемех.
Туындыны халықаралық көрерменге таныстыру үшін пьеса орыс тіліне аударылған. Әдеби аударманы лингвистика ғылымдарының докторы, доцент Д.Цэцэгэджер жасаған. Ал редакторлық жұмысты белгілі аудармашы О.Чинзориг атқарған.
Моңғол театры үшін бұл гастроль ұлттық мәдениеттің ерекшелігін халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді. Ал Санкт-Петербург көрермендері Ұлы Ғұн империясының тарихын оның мәдени мұрасын сақтаушылардың көзқарасы арқылы тамашалай алады.
