Нью-Йорк, 31 тамыз 2026 жыл. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» туралы қарарды қабылдады. Құжатқа сәйкес, жыл сайын 22 сәуір Халықаралық планетаны көгалдандыру күні ретінде аталып өтеді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы жалпы пікірталас барысында ұсынған болатын.
Қарарды әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет бірлесіп қолдап, оның тең авторы болды. Бұл бастаманың халықаралық деңгейде қолдау тапқанын көрсетеді.
Жаңа халықаралық күннің негізгі мақсаты – көгалдандырудың, табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы қоғамның хабардарлығын арттыру.
Құжат мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғам өкілдерін және басқа да мүдделі тараптарды осы бағытта түрлі іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға шақырады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының бұл шешімі Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған бастамаларының бірі болды. Атап айтқанда, құжат қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл аумақтарды кеңейту және экологиялық мәдениетті дамыту мәселелеріне назар аударады.
Халықаралық планетаны көгалдандыру күнінің мақсаттары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының бағыттарымен де үндеседі. Акция қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Осылайша, жаңа халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанның экология және орнықты даму саласындағы бастамаларының халықаралық деңгейде қолдау тауып отырғанын көрсетеді.
