Шолпан-Атада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы күрес жарыстарының алғашқы күні аяқталды. 1 қыркүйекте «Газпром» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде моңғол күресі, гореш және кураш бойынша жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы SteppeNews.kz Vesti.kg сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қырғызстан спортшылары күрестің осы үш түрінің әрқайсысынан бір-бір медальдан иеленді.
Моңғол күресінде 14 спортшы бақ сынады. Алтын медальді Моңғолия өкілі Анар Дорж жеңіп алды. Ресейлік Монге Эртине Куулар күміс жүлдегер атанды. Қытай спортшысы Сурлиге Сурлиге мен Қырғызстан өкілі Орозбек Аширов қола медаль иеленді.
Гореш бойынша 31 елдің спортшылары жүлдеге таласты. Түрікменстандық Аннагурбан Аллабердиев алтын медаль жеңіп алды. Қырғызстандық Асанкелді Нұрқазым уулу күміс жүлдеге ие болды. Үшінші орындарды Өзбекстаннан Илиосбек Мирзакматов пен Ауғанстаннан Надер Софизада бөлісті.
Кураш жарысына 21 елдің спортшылары қатысты. Өзбекстандық Нумонжон Ражабов алтын медаль алса, Иран өкілі Садег Азаранг күміс жүлдегер атанды. Түрікменстандық Кемал Кемалов пен Қырғызстаннан Тілек Куралов қола медальді бөлісті.
Жарыс жеңімпаздарына 100 мың сомнан, күміс жүлдегерлерге 80 мың сомнан, ал қола жүлдегерлерге 50 мың сомнан ақшалай сыйлық табысталды.
Осылайша, Қырғызстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде күрестің үш түрінен үш медаль жеңіп алды.
