Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қаражатты, соның ішінде Ұлттық қор ресурстарын әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға бағыттау бастамасы ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды.
Бұл стратегиялық шешімнің қажеттілігі бұрыннан пісіп-жетілген еді,Қазақстан кеңестік кезеңнен қалған беріктік қоры іс жүзінде сарқылған шекке келіп жетті, енді елге сапалық тұрғыдан қуатты серпіліс қажет.
Мемлекет неліктен егемен жинақтарды елдің физикалық инфрақұрылымына инвестициялауы керек, Президенттің «үлкен құрылысқа» бағытталған бағдары неліктен экономикалық тұрғыдан негізделген және АҚШ-тағы осыған ұқсас тәжірибе бұл елдің жаһандық көшбасшылығына қалай жол ашты? Экономист, Qazaq Expert Club тың құрылтайшысы Бауыржан Шурманов жағдайға кәсіби талдау жасады.
Кеңестік ресурстың шегі және Президент бастамасының уақтылылығы
«Қазақстанның өңірлерін аралап шықсаңыз, бір нәрсе анық байқалады: ондаған жыл бойы ел өткен ғасырда қалыптасқан инфрақұрылымдық қордың есебінен дамып, негізінен жекелеген жөндеу жұмыстарымен шектеліп келді. Базалық инфрақұрылымды кешенді жаңарту өте ұзақ уақыт бойы жүргізілген жоқ. Бүгінде бұл ресурс өзінің табиғи шегіне жетті. Сондықтан Президенттің ауқымды мемлекеттік жобаларға көшу туралы шешімі өте уақтылы әрі стратегиялық тұрғыдан дәл қабылданған шешім», – дейді сарапшы.
Базалық жүйелердің шұғыл жаңғыртуды қажет ететінін объективті деректер де көрсетеді:
⚬ Энергетикалық жүйенің осалдығы: елдің оңтүстігінде жуырда болған ауқымды блэкаут желілердің шамадан тыс жүктелгенін және меншікті қуат тапшылығын айқын көрсетті. Бұл өңірлердің тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіреді.
⚬ Энергетикалық инфрақұрылымның тозуы: ЖЭО-лардағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі 60%-дан асады, ал негізгі станцияларда 70–80%-ға жетеді. Көптеген агрегаттар жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.
⚬ Коммуналдық шаруашылық: республика бойынша жылу, су құбыры және электр тарату желілерінің тозу деңгейі орта есеппен 53–63% аралығында, ал өнеркәсіптік моноқалаларда ең жоғары көрсеткіштерге жетеді.
- ⚬ Әлеуметтік сала: демографиялық өсімді ескере отырып, елге мектептерде, ауруханаларда, емханаларда, ана мен балаға арналған нысандарда жаңа стандарттарды енгізу аса қажет.
«Президент өте орынды атап өткендей, өз инфрақұрылымымыз әбден тозып, шегіне жетіп жұмыс істеп тұрған кезде резервтерді шетелдік бағалы қағаздарда төмен пайызбен ұстап, “шөп қорыған иттей” қаражаттың үстінде отыру – тиімсіз. Сенімді физикалық іргетассыз инвестиция тарту, жаңа зауыттар салу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес», – деп түсіндіреді Бауыржан Шурманов.
Әлемдік тәжірибе: инфрақұрылымдық бағыт АҚШ-ты әлемдік көшбасшылыққа қалай шығарды
Ұлттық инфрақұрылымға мемлекеттік инвестиция салу – қуатты мемлекеттік саясаттың классикалық құралы. АҚШ-тың экономикалық тарихында дәл осындай ауқымды президенттік бағдарламалар елдің әлемдік экономикалық көшбасшылығының негізін қалады.
Франклин Рузвельттің «Жаңа бағыты» (1930-жылдар)
Дағдарыстың ең күрделі кезеңінде мемлекет бөгеттер, су электр станцияларын (соның ішінде Гувер бөгетін), порттар, көпірлер, мыңдаған заманауи ауруханалар мен мектептер салуға орасан зор ресурстар бағыттады.
«Бұл бағдарлама экономикаға тек серпін беріп қана қойған жоқ, – деп атап өтеді сарапшы. – Ол Американың соғыстан кейінгі бүкіл өнеркәсіптік және технологиялық өрлеуіне негіз болған материалдық платформаны қалыптастырды».
Дуайт Эйзенхауэрдің федералдық автомагистральдар бағдарламасы (1956 жыл)
Жалпыұлттық жоғары жылдамдықты автомагистральдар желісінің (Interstate Highway System) салынуы елдің орасан зор аумағын біртұтас жүйеге біріктірді.
Экономист былай деп толықтырады: «Салынған әрбір доллар бизнес үшін көлік шығындарын азайтып, біртұтас ұлттық нарық қалыптастыру арқылы бірнеше есе қайтарым берді. Аумағы орасан зор Қазақстан үшін көлік дәліздері мен өңірлер арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз ету – мемлекеттілікті нығайту мен экономикалық қауіпсіздік мәселесі. Мемлекет басшысы да осыны тікелей айтып отыр».
Келешек ұрпаққа қалатын берік іргетас
«Президенттің ұстанымы толықтай прагматикалық: Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін құрылды. Бірақ апатты жағдайдағы ЖЭО мен тозған желілерді қалдырып, балаларға тек шетелдік шоттардағы қаражат туралы үзінді көшірмелерді мұра ету – болашақ үшін әлсіз перспектива. Оларға тұрақты энергетикалық жүйе, заманауи магистральдар, жоғары деңгейдегі ауруханалар мен мектептерді қалдыру – өскелең ұрпаққа ересек өмірде бәсекеге қабілетті болудың нақты негізін беру деген сөз.
Ашықтыққа, бақылауға және отандық бизнесті барынша тартуға қойылған талаптар бөлінетін қаражаттың жұмыс орындары, жалақы және жаңа өндірістер түрінде Қазақстан экономикасында қалуына мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық трансформация бағыты – ел егемендігін нығайтуға және Қазақстанның ұзақ мерзімді өркендеуіне бағытталған тікелей қадам», – деп қорытындылады Бауыржан Шурманов.
