Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының аккордеоншысы Жандос Сауыт 79-шы халықаралық Coupe Mondiale байқауында бас жүлдеге ие болып, әлем кубогын жеңіп алды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық байқау 23-27 тамыз аралығында Астанада өтті. Оған әлемнің әр елінен кәсіби орындаушылар мен жас музыканттар қатысты.
Coupe Mondiale байқауын Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясы (Confédération Internationale des Accordéonistes, CIA) ұйымдастырады. Байқау аясында қатысушылар бірнеше номинация бойынша өнер көрсетті. Олардың қатарында Coupe Mondiale, Masters Coupe Mondiale, Junior Coupe Mondiale, Virtuoso Entertainment Music және ансамбльдік орындаушылық номинациялары бар.
Қазақстан намысын қорғаған Жандос Сауыт байқау қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, әлем кубогының иегері атанды.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мәліметінше, өнерпаздың жеңісі отандық орындаушылық өнер үшін елеулі жетістік саналады. Сонымен қатар бұл нәтиже Қазақстандағы баян және аккордеон орындаушылық мектебінің кәсіби деңгейін танытады.
Жандос Сауыттың халықаралық додадағы жеңісі қазақстандық музыканттардың әлемдік сахнадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте көрсетті.
