Қазақстандық шағын және орта бизнесті қолдауға тағы 55,6 млрд теңге жеңілдетілген қаржыландыру бағытталады. «Өрлеу» бағдарламасының жаңа кезеңі аясында кәсіпкерлер жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын, 10 жылға дейінгі мерзімге 7 млрд теңгеге дейін қаржы ала алады. Қаражат инвестициялық жобаларға және бұрын берілген инвестициялық қарыздарды қайта қаржыландыруға қарастырылған.
Нарықтық кредиттердің құны әлі де жоғары болып отырған жағдайда 12,6%-ға дейінгі мөлшерлеме кәсіпкерлер үшін айтарлықтай тартымды көрінеді. Алайда заңды сұрақ туындайды: мұндай бағдарламалар экономика үшін қаншалықты тиімді? Бұл мәселені Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова талдайды.
Оның пікірінше, бағдарламаның басты артықшылығы – кредит беру мерзімінің 10 жылға дейін болуы. Бұл кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді инвестициялар үшін қаражат тартуға мүмкіндік береді: жабдық сатып алу, өндірістік қуаттарды кеңейту және бизнесті жаңғырту.
Сонымен қатар бағдарлама отандық өндірушілерге басымдық беру арқылы кеңірек экономикалық әсер етуі мүмкін: «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар жабдықтар мен техниканы сатып алуға басымдық қарастырылған.
«Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау бірден екі бағытта жұмыс істейді: бір жағынан, кәсіпкер арзанырақ қаржыландыруға қол жеткізеді, екінші жағынан – қазақстандық өндірушілердің өніміне сұраныс қалыптасады. Оның әсері өндірістік тізбек бойынша одан әрі таралуы мүмкін: жабдық өндірушілерден бастап шикізат жеткізушілеріне, логистикалық және сервистік компанияларға дейін», – деп түсіндіреді қаржыгер.
Алайда сарапшы бағдарламаның ауқымын асыра бағаламауға кеңес береді.
«Мен 55,6 млрд теңгені бүкіл Қазақстан экономикасы үшін ауқымды ынталандыру шарасы ретінде қарастырмас едім. Бұл – нақты бағытталған қолдау шарасы. Оның тиімділігі бөлінген қаражат көлеміне емес, ең алдымен сол ақшаның нақты қайда бағытталатынына байланысты болады», – дейді ол.
Қаржыгер жеңілдетілген кредиттеудің кері жағы да бар екенін атап өтеді. Егер нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен қаржыландыруға қол жеткізу компаниялар үшін тұрақты құбылысқа айналса, бизнестің сыртқы қолдауға тәуелділігі қалыптасуы мүмкін.
«Мемлекеттік жеңілдіктер, – деп түсіндіреді сарапшы, – бизнестің дамуын әрдайым автоматты түрде ынталандыра бермейді. Кәсіпкер жылдар бойы нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен мөлшерлемемен қаржы алып отырса, оның өнімділікті арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және қаржыландырудың өзге көздерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі мүмкін. Субсидияларға тәуелділік әсері пайда болады: бизнес тұтынушы мен тиімділік үшін емес, жеңілдетілген ресурсқа қол жеткізу үшін көбірек бәсекелесе бастайды».
Оның пікірінше, Қазақстан бұған қоса неғұрлым іргелі міндетті – бизнес үшін кәдімгі нарықтық қаржыландыруды қолжетімді етуді қатар шешуі қажет.
Әйтпесе компаниялар ірі инвестициялық жобаларды кезекті мемлекеттік бағдарлама болған жағдайда ғана жүзеге асыра алатын тәуекел туындайды.
« Егер жеңілдетілген қаржыландыру жаңа өндірістер құруға, қуаттарды кеңейтуге, импортты алмастыруға немесе экспортты ұлғайтуға мүмкіндік берсе, оның экономикалық әсері қаражаттың едәуір бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған жағдайға қарағанда әлдеқайда жоғары болады», – деп қорытындылады Саида Тілеуленова.
Дереккөз: Qazaq expert club
