Қытайдың Юньнань провинциясында шамамен 4220 жыл бұрын жасалған жартас суреттері анықталды. Археологтардың жаңа зерттеуі Қытайдың оңтүстік-батысындағы ежелгі жартас өнерінің тарихын бұрынғыдан да ерте кезеңге жылжытты, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
CCTV — дің жазуынша зерттеуді Юньнань провинциясының мәдени мұралар және археология институты Нанкин педагогикалық университеті және басқа да ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізген. Ғалымдар Линьцан қаласындағы Гэнма-Дай және Ва автономды ауданында орналасқан Маңгуань жартас суреттері ескерткішіне жүйелі археологиялық зерттеу жүргізіп, жоғары дәлдіктегі урандық қатарлар әдісі арқылы оның жасын анықтады.
Жартас суреттері 4220 жыл бұрын салынған
Зерттеу нәтижелері халықаралық археологиялық Journal of Archaeological Science Reports журналында жарияланған. Ғалымдар алғаш рет Маңгуань жартас суреттерінің абсолютті жасын анықтады.

Зерттеу барысында суреттердің үстінде қалыптасқан карбонатты кристалдарға талдау жасалған. Таза кальциттен тұратын үлгілердің зерттелуі суреттердің ең төменгі жасын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік берген.
Нәтижесінде адам бейнесі салынған суреттің үстіндегі карбонат қабатының түзетілген жасы 4240±19 жыл екені анықталды. Бұл Маңгуань аумағында адамдардың кемінде 4220 жыл бұрын-ақ адам бейнесін шынайы бейнелейтін көркем туындылар жасағанын көрсетеді.
Сонымен бірге әртүрлі суреттерден алынған 11 үлгінің жасы 3907–3056 жыл аралығында болған.
Осылайша Маңгуань жартас суреттері Қытайдың оңтүстік-батысындағы әйгілі Цанъюань жартас суреттерінен көне болып шықты. Бұған дейін Цанъюаньдағы суреттердің жасы шамамен 3800–2700 жыл деп есептелген.

Ежелгі жартас өнерінің үш кезеңі анықталды
Ғалымдар Маңгуань ескерткішінің жаңа мерзімдеу нәтижелерін Цзиньшацзян, Цанъюань және Цзоцзян өзендері маңындағы жартас суреттері туралы бұрынғы зерттеулермен біріктірді.
Нәтижесінде Қытайдың оңтүстік-батысындағы негізгі бояумен салынған жартас өнері үш негізгі кезеңге бөлінді.
Бірінші кезең — кейінгі палеолит дәуіріндегі аңшылық-терімшілік кезеңі. Ол шамамен 13,6–8,4 мың жыл бұрынғы уақытты қамтиды. Бұл дәуірге Юньнаньның солтүстік-батысындағы Цзиньшацзян өзені бойынан табылған жабайы өгіз, бұғы және басқа да жануарлар бейнеленген суреттер жатады.
Екінші кезең — кейінгі неолит дәуіріндегі отырықшылық кезеңі. Ол шамамен 4,2–2,7 мың жыл бұрынғы уақытқа сәйкес келеді. Маңгуань мен Цанъюань жартас суреттері осы кезеңнің негізгі ескерткіштері саналады. Бұл уақытта суреттерде адам әрекеті, діни рәсімдер және абстрактілі белгілер жиі бейнеленген. Зерттеушілер мұны ежелгі қауымдардың аңшылық өмір салтынан отырықшылыққа көшуімен байланыстырады.
Үшінші кезең — тарихи дәуірдің алғашқы кезеңі. Ол шамамен 1,9–1,7 мың жыл бұрынғы уақытты қамтиды. Бұл кезеңге Гуансидағы Цзоцзян өзені аңғарындағы жартас суреттері, соның ішінде Хуашань жартас суреттері жатады. Мұнда қолдарын жоғары көтерген, жартылай отырған адам бейнелері басым. Олар көбіне діни-ғұрыптық рәсімдермен байланыстырылады.
Зерттеу Оңтүстік-Шығыс Азия тарихына да маңызды
Қазіргі таңда Юньнань мен Гуанси аумақтарында 100-ден астам жартас суреттері ескерткіші белгілі. Олардың тақырыптары, композициясы мен бейнелеу техникасы бір-бірінен ерекшеленеді.
Ғалымдардың пікірінше, бұл хронологиялық жүйе Қытайдың оңтүстік-батысындағы ежелгі мәдениеттердің даму ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің Мьянма, Лаос және Вьетнаммен шектесуі бұл зерттеулерді Оңтүстік-Шығыс Азияның ежелгі мәдениеттерін зерделеу үшін де маңызды етеді.
Қытайдың оңтүстік-батысындағы жартас өнері Индонезия мен Филиппинде анықталған ондаған мың жыл бұрынғы кейінгі плейстоцен дәуірінің суреттеріне қарағанда кейінірек пайда болған. Зерттеушілер бұл уақыт пен кеңістіктегі айырмашылық ежелгі адамдардың көші-қон бағыттарын, мәдени ықпалдастықты және көркемдік дәстүрлердің таралу жолдарын анықтауға көмектесетінін атап өтті.
Ғалымдар алдағы уақытта Қытайдың оңтүстік-батысы мен оған іргелес аумақтардағы жартас суреттерін мерзімдеу және олардың бейнелік ерекшеліктерін зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ. Негізгі мақсат — Шығыс Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тарихқа дейінгі өнердің ортақ даму үдерістерін тереңірек зерделеу.
