Алматыда технология мен мобильді фотографияға қызығатындар үшін жаңа флагманмен танысуға мүмкіндік туды. 12 тамызда HUAWEI компаниясы Pura90s жаңа флагмандық сериясының таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жаңа топтамаға HUAWEI Pura90s Pro және Pura90s Pro Max модельдері кірді. Таныстырылымның негізгі тақырыбы смартфонның камера мүмкіндіктері болды.
Смартфон өндірушілері үшін флагман ұғымы бұрын тек қуатты процессормен немесе үлкен экранмен шектелмейді. Қазір камераның мүмкіндігі де құрылғы таңдаудағы басты факторлардың біріне айналды. HUAWEI жаңа сериясын дәл осы бағытта дамытып, мобильді фотографияны күнделікті қолдануға барынша ыңғайлы етуді көздеген.

Фотографиядағы сегіз жылдық жол
Таныстырылым барысында HUAWEI компаниясының оқыту жөніндегі менеджері Қуат Абай брендтің мобильді фотография бағытындағы эволюциясына тоқталды.
Оның айтуынша, компанияның смартфон камераларын дамыту тарихында P20 және P30 модельдерінің орны ерекше. P20 арқылы түнгі түсірілім мүмкіндіктері көрсетілсе, P30 сапалы зум технологиясымен ерекшеленген.
«Осыдан 8 жылдай бұрын Huawei компаниясы әлемге P20 смартфонын көрсетті. Сол кезде біз смартфондардың тіпті түнде де анық түсіре алатынын түсіндік. Кейін P30 смартфоны арқылы мобильді фотография нарығында сапалы зум мүмкіндігін көрсеттік. Ал қазір осы фотографиялық инновацияларды жалғастыра отырып, Huawei Pura90s сериясын ұсынып отырмыз», – деді Қуат Абай.
Осы эволюцияның жалғасы ретінде компания жаңа Pura90s сериясын ұсынды. Қазақстан нарығында екі модель – Pura90s Pro және Pura90s Pro Max қолжетімді болады.

200 МП телеобъектив және үлкен зум
Жаңа сериядағы басты назар камераға аударылған. Әсіресе Pura90s Pro Max моделінде 200 МП телеобъектив бар. Сонымен қатар смартфон 40 МП ультракең бұрышты объективпен және өзгермелі диафрагмасы бар 50 МП негізгі модульмен жабдықталған.
Қуат Абайдың айтуынша, Max атауы камера мүмкіндіктерінің барынша кеңейтілгенін білдіреді.
«Max атауы мессенджерді емес, камера бойынша максималды мүмкіндікті білдіреді. Бұл смартфонда 40 МП ультракең бұрышты объектив, өзгермелі диафрагмасы бар 50 МП Ultra HD негізгі модуль, X-Mage объективі және ең бастысы – 200 МП телеобъектив бар. Бұл – саладағы алғашқы үлкен зум шешімдерінің бірі, ол тіпті қарсы жарық түсіп тұрған жағдайда да сапалы фото мен видео түсіруге мүмкіндік береді. Динамикалық диапазонның арқасында смартфон ең қараңғы жерлерді де, ең жарық аймақтарды да бір уақытта сақтай алады», – деді ол.
Компания мәліметінше, Pura90s Pro Max арқылы бейнені 20 есеге дейін үлкейтіп түсіруге болады. Телеобъектив алыстағы нысандарды егжей-тегжейлі түсіруге ғана емес, табиғи портреттер жасауға да бағытталған.
Ал екінші буындағы XMAGE технологиясы түстерді барынша табиғи жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни смартфон камерасы түсірілген кадрдағы реңктерді адамның көзі қабылдаған түстерге жақындатуға тырысады.

Камераны фотографтың көзімен сынау
Техникалық сипаттамалар бір бөлек, ал камераның нақты жағдайда қалай жұмыс істейтіні – мүлдем басқа мәселе. Сондықтан таныстырылым кезінде жаңа смартфонның мүмкіндіктерін сән фотографы Айдын Ахмет те сынап көрген.
Ол кәсіби түсірілім кезінде жарық, экспозиция, фокус, ракурс пен композицияға ерекше мән беретінін айтты.
«Мен көбінесе жарыққа, экспозицияға, фокус пен ракурсқа, композицияға және камера баптауларына қараймын. Huawei өз баптаулары арқылы жылдам әрі пысық жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді Айдын Ахмет.
Фотограф смартфондағы RYYB жүйесіне де назар аударды. Оның түсіндіруінше, бұл технология сенсорға жарық жағдайы төмен кезде көбірек ақпарат жинауға көмектеседі.
«Huawei-де RGB емес, өзінің RYYB жүйесі қолданылады. Жасыл сүзгінің сары түске ауысуы жасыл және қызыл түстерді, сондай-ақ жарықты көбірек өткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде сенсор қараңғы жағдайда көбірек ақпарат алады. Ал ең жақсы фото – жарық көп түскен және ақпарат барынша көп сақталған фото», – деді фотограф.

Смартфон камерасы мен жасанды интеллект
Pura90s сериясында камераға қатысты тағы бір қызықты мүмкіндік – «ЖИ көмегімен композиция жасау» функциясы.
Ол сурет түсіру кезінде пайдаланушыға кадрды қалай тиімді орналастыруға болатынын көрсететін визуалды нұсқаулар ұсынады. Бұл фотография ережелерін кәсіби деңгейде білмейтін адамдар үшін де сәтті кадр жасауға көмектесуі мүмкін.
Яғни смартфон камерасы тек түсіріп қана қоймай, пайдаланушыға кадрды дұрыс құруға бағыт береді.

Флагман тек камерамен шектелмейді
Жаңа құрылғылардың тағы бір ерекшелігі – 6000 мА·сағ аккумулятор. Ал Pura90s Pro Max 100 Вт HUAWEI SuperCharge жылдам қуаттау технологиясын қолдайды.
Смартфондардың беріктігіне де назар аударылған. Құрылғыларда Kunlun Glass қорғаныш әйнегі қолданылған. Компанияның зертханалық сынақтары бойынша, ол кәдімгі әйнекпен салыстырғанда шағылысты 70%-ға азайтып, сызаттарға төзімділікті 16 есеге, соққыға төзімділікті 25 есеге арттырады.
Ал Pura сериясына тән ерекше дизайн жаңа флагмандарда да сақталған. Жарқын түстер мен айқын пішін смартфонды тек технологиялық құрылғы емес, күнделікті образдың бір бөлігі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Сатып алғаннан кейінгі қолдау да назардан тыс қалмаған
Таныстырылымда жаңа смартфондардың техникалық мүмкіндіктерімен қатар, сатып алушыларға ұсынылатын сервистік бағдарлама да таныстырылды.

Huawei Kazakhstan сервис бөлімінің жетекшісі Ольга Ерланованың айтуынша, Pura90s Pro және Pura90s Pro Max иелеріне арнайы сервистік пакет қарастырылған.
«Huawei Pura90s Pro және Pura90s Pro Max сатып алушылары үшін арнайы сервистік пакет дайындалды. Егер телефонды түсіріп алып немесе маңызды бөлшектерінің бірін сындырып алсаңыз, артықшылықсыз бір бөлшекті ауыстыру 195 мың теңгеге түсуі мүмкін. Ал біздің бағдарлама бойынша бұл бөлшекті 13 599 теңгеге ауыстыра аласыз. Сонымен қатар бірінші жыл ішінде аккумулятор сыйымдылығы 85 пайыздан төмендесе, оны тегін ауыстыру қарастырылған. Ал смартфон әрдайым жаңа сияқты болып тұруы үшін екі жыл ішінде қорғаныс үлдірін төрт ретке дейін тегін ауыстыруға болады», – деді Ольга Ерланова.


