Кез келген кәсіпкерден неліктен әлі күнге дейін импортпен айналысып, Қазақстанда өз зауытын салмай жүргенін сұрасаңыз, жауап көбіне біреу: қоймада өтпей қалған тауармен қалу қаупі.
Бір айдың ішінде тауар партиясын әкеліп, сатып, ақшаны қайта айналымға салу – бір бөлек. Ал бірнеше жыл құрылысқа инвестиция салып, несие алып, кейін нарықтың өзгеріп кеткенін немесе арзанырақ импорт пайда болғанын көріп, өніміңізге сұраныс болмай қалғанын түсіну – мүлде басқа жағдай.
Біздегі өндірісті дамытудың басты кедергісі – ақшаның немесе технологияның жоқтығы емес, қарапайым белгісіздік: үш жылдан кейін сатып алушы бола ма?
Сондықтан бүгінде офтейк-келісімшарттар мен кепілдендірілген сұраныс мәселесі аса өзекті. «Самұрық-Қазына» сияқты ірі тапсырыс беруші немесе мұнай-газ операторы алдын ала келісімшартқа қол қойып: «Өндірістік желіні іске қос, біз осы көлемдегі өнімді сатып аламыз», – десе, жобаның бүкіл экономикасы түбегейлі өзгереді. Бизнес үшін нақты жоспарлау көкжиегі пайда болады, ал банк несиенің қайтарылатынына және оның қайта құрылымдауға кетпейтініне сенімді болады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштер нарыққа түсінікті ойын ережелері берілгенін көрсетеді. Осы кезеңде жаңа өндірістерді іске қосуға және импортты алмастыруға ынталандыратын жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгені құрайтын 115 офтейк-келісімшарт жасалды. Сонымен қатар импортты алмастыру бойынша жалпы сомасы 53 млрд теңгені құрайтын тағы тоғыз жоба мақұлданды.
Жалпы, соңғы жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері аясында жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірістерді іске қосу бойынша 108 жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Алайда бұл жерде тепе-теңдікті сақтап, артық иллюзияға берілмеу маңызды. Кепілдендірілген сатып алу – экономиканың барлық мәселесін шешетін сиқырлы құрал емес және жекелеген компаниялар үшін «жылыжай жағдайын» жасауға себеп болмауы тиіс. Бұл – бастапқы кезеңдегі қауіпсіздік тетігі.
Егер зауыт тек бір кепілдендірілген сатып алушы үшін құрылып, бәсекелі ортада жұмыс істеуді үйренуді жоспарламаса, онда өміршең бизнестің орнына мемлекеттік тапсырысқа тәуелді кезекті өндіріс пайда болады.
Мұндай келісімшарттардың нақты пайдасы олар іске қосу тетігі ретінде жұмыс істеген кезде көрінеді. Алғашқы бірнеше жылдағы кепілдендірілген өткізу кәсіпорынға өндірістік процестерді жолға қоюға, өзіндік құнын төмендетуге және аяққа тұруға мүмкіндік береді. Ал одан кейін – ашық нарыққа шығу керек. Онда ешқандай қосымша сүйенішсіз-ақ сапа мен баға арқылы бәсекеге түсу қажет.
Автор: Бауржан Шурманов, экономист, Qazaq Expert Club-тың құрылтайшысы
