Қазақстандағы жоғары оқу орындары мемлекеттік гранттардан бөлек, талапкерлерге 2 мыңнан астам ректорлық, университеттік және ішкі білім беру грантын ұсынады. Кейбір оқу орындарында гранттың орнына оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы SteppeNews.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы ЖОО-лардың өз қаражаты есебінен берілетін гранттарының жалпы саны екі мыңнан асады. Әр университет гранттарды тағайындау талаптарын өздері белгілейді.
Іріктеу кезінде талапкерлердің ҰБТ нәтижесі, академиялық жетістіктері, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиада, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Ірі бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылады. 2026-2027 оқу жылына Түркия тарапы 500 дәстүрлі білім беру квотасын бөлген. Құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиада, жоба және байқау жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне толық оқу мерзіміне 100% грант ұсынылған.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 94 грант қарастырылған. Оның ішінде түрлі байқаулар мен олимпиадалардың нәтижесіне қарай төрт жылға, екі жылға және бір жылға арналған гранттар бар.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026-2027 оқу жылына ректордың 19 грантын бөлді. Оның ішінде жетім балаларға, мемлекеттік грант конкурсына өте алмаған, бірақ ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлерге және республикалық олимпиада жеңімпаздарына арналған гранттар бар.
Ал С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті облыстық олимпиада жеңімпаздары мен «Зерделі» мектептерінің түлектеріне 20 ректорлық грант ұсынады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 12 грант қарастырылса, Рудный индустриялық университетінде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 ректорлық грант беріледі.
Кейбір оқу орындары білім алушыларға грантты оқу барысында да ұсынады. Мысалы, Қарағанды индустриялық университетінде ақылы бөлімде оқитын студенттер бірінші курстан кейін университет қаражаты есебінен оқуын грантпен жалғастыра алады. Ол үшін жоғары GPA көрсеткіші мен қоғамдық белсенділік ескеріледі.
Сонымен қатар 2026-2027 оқу жылында университетте Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы грант алғаш рет тағайындалды. Ол оқу ақысын толық өтеуді және ай сайын 150 мың теңге көлемінде стипендия төлеуді қарастырады.
Satbayev University де әлеуметтік осал топтардан шыққан дарынды жастарға қолдау көрсетеді. 2025-2026 оқу жылында жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен жасалған келісімдер аясында 538-ден астам студентке қаржылай қолдау көрсетілген.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде университет грантына ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинаған талапкерлер үміткер бола алады. Іріктеу кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар «Алтын белгі», әлеуметтік жағдай және олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жетістіктер ескеріледі.
«Тұран-Астана» университеті ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқу мерзіміне ректор грантын береді.
Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мемлекеттік грантқа ие болмаған, бірақ ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне 100% жеңілдік қарастырылған.
Кейбір ЖОО-ларда ректор грантының орнына оқу ақысына жеңілдіктер жүйесі қолданылады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» бағдарламалары бар. Жеңілдіктердің көлемі 15%-дан 100%-ға дейін жетеді.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқу ақысына жеңілдіктер 14 санат бойынша беріледі. Олардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар студенттер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар, «Алтын белгі» иегерлері, олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздары бар. Жеңілдік мөлшері 20%-дан 100%-ға дейін жетеді.
Осылайша, университеттердің ішкі гранттары мен жеңілдіктері жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алмаған талапкерлерге қосымша мүмкіндік береді. Әсіресе академиялық жетістігі жоғары, дарынды және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастарға арналған бағдарламалар саны артып отыр.
Гранттардың саны, талаптары мен құжат қабылдау мерзімі әр университетте әртүрлі. Сондықтан талапкерлер толық ақпаратты өздері таңдаған ЖОО-ның ресми сайтынан немесе қабылдау комиссиясынан нақтылағаны жөн.
