Түркістан облысының Сауран ауданында орналасқан Сауран қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды. «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары көне шаһардағы ханака мен медресені қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Реставрация барысында ғимараттардың қабырғасындағы бүлінген кірпіштер ауыстырылып, тарихи нысандарды қоршап тұрған тіреу қабырғаларының үгітілген сылақ қабаты қайта қалпына келтіріледі.

Мамандар ескерткіштердің тарихи келбеті мен сәулеттік ерекшелігін сақтауға басымдық береді. Қолданылатын құрылыс материалдары көне нысандардың бастапқы сипатына сай таңдалып, жаңартылған бөліктердің тарихи келбетпен үйлесімді болуы қатаң ескеріледі.
Министрлік мәліметінше, жұмыстар ханака мен медресенің одан әрі бүлінуіне жол бермей, олардың беріктігін арттыруға және тарихи мұраны келер ұрпаққа сақтап жеткізуге бағытталған.

Ақ Орданың астанасы болған көне шаһар
Сауран – Қазақстандағы қорған дуалдары ең жақсы сақталған ортағасырлық қалалардың бірі. Алғашқы деректерде ол Х ғасырдан бастап аталады. Араб тарихшысы әл-Мақдиси Сауранды жеті қабат қорғанмен қоршалған, ішінде рабаты мен мешіті бар үлкен қала ретінде сипаттаған.
XIII ғасырдың ортасында Сауран Ақ Орданың астанасына айналды. XIV ғасырдың соңында Әмір Темір оны қуатты әскери қамал ретінде күшейтті. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала ғасырлар бойы сауда, қолөнер және мәдениеттің ірі орталығы болды.

Ортағасырлық жазбаларда Сауранның қорғаны ерекше беріктігімен сипатталады. XVI ғасырдағы деректерде оның қамалын бұзу ешкімнің ойына да келмегені айтылады. Археологиялық зерттеулер қаланың VII–XVIII ғасырлар аралығында өмір сүргенін дәлелдеп отыр.
Қазақ тарихындағы орны мен «Елім-ай» аңызы
Сауран үшін қазақ және өзбек хандары арасында көптеген шайқастар өтті. XVI ғасырдың соңында қала толықтай Қазақ хандығының құрамына өтіп, елдің басты саяси әрі экономикалық орталықтарының біріне айналды. Мұнда Ақ Орда билеушісі Сасы Бұқа жерленген, ал оның ұлы Ерзен хан мешіттер, медреселер мен ханака салдырған.

Халық аңыздары бойынша, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында босқын қазақ елі Сауранды айналып өтіп, Бұхараға қарай көшкен. Ел арасында сақталған «Сайран айналған» тіркесі мен халықтың қасіретін бейнелейтін әйгілі «Елім-ай» әнінің шығуы осы тарихи оқиғалармен байланыстырылады.
Бүгінде Сауран қалашығы – Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының бірі. Қазіргі реставрациялық жұмыстар көне шаһардың тарихи келбетін сақтап, оның бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
