Өзбекстанның «Samarkand-2028» жер серігі орбитаға сәтті шығарылды

5 тамыз күні STAR.VISION компаниясы Қытайдың Шаньдун провинциясы жағалауындағы теңіздегі ұшыру платформасынан Samarkand-2028 және Lampung-1 гиперспектралды жер серіктерін сәтті ұшырды деп хабарлайды SteppeNew.kz, Өзбекстан Республикасының цифрлық технологиялар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл жоба Өзбекстан тарихындағы ең ірі халықаралық ғарыш жобаларының бірі саналады. Ол елдің ұлттық ғарыш бағдарламасын дамытудың жаңа кезеңін бастап қана қоймай, Өзбекстан мен Қытай арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында «Узбеккосмос» агенттігінің мамандары жер серігінің борттық жүйесіне арналған арнайы жасанды интеллект модулін әзірледі. Бұл технология гиперспектралды деректерді тікелей орбитада өңдеуге мүмкіндік беріп, ақпаратты жеткізу мен кейінгі талдау тиімділігін арттырады.
Samarkand-2028 миссиясы ғарыштық технологияларды ауыл шаруашылығы, экология, табиғи ресурстарды бақылау, су ресурстарын басқару, төтенше жағдайлардың алдын алу, қала құрылысы және басқа да стратегиялық маңызды салаларда қолдану мүмкіндігін кеңейтеді.
«Samarkand-2028» атауының да өзіндік символдық мәні бар. Ол 2025 жылы Сиднейде өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (IAC) қабылданған шешіммен байланысты. Аталған шешімге сәйкес, 2028 жылғы 79-шы Халықаралық астронавтика конгресі Самарқанд қаласында өтеді.
Жобаның жүзеге асырылуы Өзбекстанның әлемдік ғарыш қауымдастығындағы рөлін күшейтуге, ұлттық инженерлік әлеуетті дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект пен ғарыш технологиялары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.



